ҚазҰМУ-да GX Foundation (Гонконг, ҚХР) делегациясымен кездесу өтті
2025 жылғы 11 шілдеде С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да университет басшылығы мен GX Foundation (Гонконг, ҚХР) делегациясы арасында кездесу өтті. Делегацияны Қытай Халықтық Саяси Кеңесі Ұлттық комитеті төрағасының орынбасары, GX Foundation Қамқоршылар кеңесінің төрағасы LEUNG Chun Ying мырза бастап келді. Сонымен қатар кездесуге Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы JIANG Wei ханым қатысты.
ҚазҰМУ тарапынан кездесуге Басқарма төрағасы – ректор Марат Едігеұлы жетекшілік етті. Қонақтарға университеттің қызметі мен негізгі бағыттары туралы қысқаша таныстырып өтті.
LEUNG Chun Ying мырза өз сөзінде GX Foundation тарапынан жүзеге асырылып жатқан ауқымды халықаралық жобалар туралы баяндады. Қордың қызметі медицина мен әлеуметтік саладағы кең ауқымды бастамаларды қамтиды – Лаос, Камбоджа, Сенегал және Мавританияда жүргізілетін катаракта операцияларынан бастап, әлемнің түрлі өңірлеріне көрсетілетін гуманитарлық көмекке дейін.
Сонымен қатар, ол GX Foundation қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі – дәстүрлі қытай медицинасын (ДҚМ) Гонконгта және одан тыс жерлерде ілгерілету мен танымал ету екенін атап өтті. Қор бұл саладағы ғасырлар бойы жинақталған білім мен тәжірибені сақтау және қазіргі заманғы емдеу әдістерімен үйлестіру арқылы дамытуға күш салып келеді. GX Foundation дәстүрлі қытай медицинасын аурулардың алдын алу мен емдеудегі тиімділігін арттыру мақсатында білім беру бастамаларын, ғылыми зерттеулер мен клиникалық бағдарламаларды қолдайды.
LEUNG Chun Ying мырза бүгінгі таңда Гонконг университеттерінде шамамен 300 қазақстандық студент білім алып жатқанын айтып, бұл академиялық және мәдени байланыстардың кеңейіп келе жатқанын көрсететінін атап өтті. Кездесу барысында тараптар медициналық білім, ғылыми зерттеулер салаларындағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін талқылады. Әсіресе, медицина саласына жасанды интеллектті енгізу бағытындағы бірлескен жобаларды дамыту мүмкіндіктері қарастырылып, білім мен заманауи технологиялар алмасудың маңыздылығы айтылды.
Өз кезегінде ректор Марат Едігеұлы денсаулық сақтау жүйесінде цифрлық технологияларды қолданудың өзектілігін атап өтті. Ол 2025 жылғы 4-5 маусымда Алматыда өткен халықаралық «ANaMed Forum – New Generation 2025» форумында медицинада жасанды интеллектті қолдану басты тақырыптардың бірі болғанын жеткізді. Форум аясында диагностика, дербестендірілген емдеу, телемедицина, медициналық білім беру және клиникалық үдерістерді цифрландыру бойынша ең заманауи әзірлемелер ұсынылды.
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті мен GX Foundation адамдардың денсаулығы мен әл-ауқатын жақсарту жолында серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екендерін растады.