ҚазҰМУ-дың 2026 жылғы түлектері үшін шағын бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті
2026 жылдың 12 ақпанында С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Батыс Қазақстан облысы медициналық ұйымдарының өкілдерінің қатысуымен шағын бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді.
Іс-шараға өңірдің медициналық мекемелерінің бас дәрігерлері мен директорлары қатысып, өз ұйымдарындағы өзекті бос жұмыс орындарын таныстырды. Сондай-ақ жас мамандарға арналған әлеуметтік қолдау шаралары, еңбек жағдайлары, жалақы деңгейі, кәсіби және мансаптық өсу мүмкіндіктері туралы кеңінен ақпарат берілді.
Сонымен қатар кездесуге Сарыөзек кентіндегі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі әскери лазаретінің аға лейтенанты қатысып, әскери-медициналық мекемелердегі қызметтің ерекшеліктері, еңбек шарттары және әлеуметтік кепілдіктер туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жеке кеңестер алып, болашақта жұмысқа орналасу және міндетті өтеу мәселелері бойынша толық ақпарат алды.
Осындай кездесулер университет пен өңірлер арасындағы байланысты нығайтып, түлектерге болашақ жұмыс орнын саналы түрде таңдауға мүмкіндік береді.















