ҚазҰМУ-дың QazMed медициналық еріктілері «Sokol Race» веложарысында
2026 жылғы 6 қыркүйекте Алматы қаласында өткен «Sokol Race» веложарысында С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің QazMed клубының медициналық еріктілері дәстүрлі түрде қатысушыларға медициналық сүйемелдеу қызметін көрсетті.
QazMed клубының медициналық еріктілері веложарысқа жыл сайын қатысып, қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қажет болған жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсетуге атсалысып келеді. Мұндай іс-шараларға қатысу болашақ дәрігерлердің практикалық дағдыларын жетілдіріп, бұқаралық спорттық іс-шаралар жағдайында жұмыс істеу тәжірибесін қалыптастырады.
Іс-шараның ерекше сәттерінің бірі – ҚазҰМУ Басқарма төрағасы – ректор Шоранов Марат Едігеұлының веложарысқа жеке қатысуы болды. Ректордың қатысуы салауатты өмір салтын ұстанудың, дене белсенділігін қолдаудың және белсенді өмір салтын насихаттаудың жарқын үлгісіне айналды.
Марат Едігеұлы Шорановтың жеке үлгісі студенттер үшін маңызды мотивация болып, денсаулыққа жауапкершілікпен қараудың, спортпен айналысудың және белсенді болудың маңыздылығын көрсетті.
QazMed клубының медициналық еріктілері үшін «Sokol Race» веложарысына қатысу – қоғамдық маңызы бар қызмет атқарумен қатар, кәсіби білімді тәжірибеде қолдануға, командалық жұмысты дамытуға және кез келген жағдайда көмек көрсетуге дайындықты нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды тәжірибе.




