ҚазҰМУ кафедрасына Қазақстандағы онкологиялық қызметтің негізін қалаушы Нұғманов Сәкен Нұғманұлының есімі берілді
Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті танымал дәрігерлер мен оқытушылардың есімдерін мәңгі есте қалдыруға арналған «Тағзым. Біздің есімізде. Біз мақтан тұтамыз» дәстүрін жалғастыруда. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында ҚазҰМУ онкология және радиология кафедрасына Қазақстандағы онкологиялық қызметтің негізін қалаушы Нұғманов Сәкен Нұғманұлының есімі берілді.
Нұғманов Сәкен Нұғманұлы – ҚазОРҒЗИ бірінші директоры қызметінде оны 1960 жылдан 1970 жылға дейін 10 жыл аралығында басқарды. Аз уақыт ішінде Сәкен Нұғманұлының басшылығымен институт Қазақстандағы ең ірі ғылыми-зерттеу және медициналық мекемеге айналды, одақтық және әлемдік аренаға шықты, бірінші санатқа ие болды. Мәскеу, Ленинград және одақтас республикалардың ғалымдарымен және институттарымен ғылыми және іскерлік байланыстар орнатылды, онкология және радиология бойынша республиканың ұйымдастырушылық-әдістемелік, ғылыми және емдеу орталығы болған институт республика мен Кеңес Одағынан тыс жерлерде танымал болды.
«Бүгін онкологтар мен радиологтар үшін маңызды күн. Көптеген мақсаттарға қол жеткізілді, дегенмен көптеген мәселелер әлі де өзекті. Қазіргі уақытта профессор Нұғманов Сәкен Нұғманұлының бастаған ісін оның шәкірттері жалғастыруда. Қазіргі таңда Онкология кафедрасы онкологиялық көмек көрсететін барлық ұйымдарда жұмыс істейтін мамандарды даярлайтын білім ордасы. «Тағзым. Біздің есімізде. Біз мақтан тұтамыз» дәстүрі аясында Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының негізін қалаушы, профессор Нұғманов Сәкен Нұғманұлының есімі ұрпақтар жадында мәңгі сақталатын ғалымдар, дәрігерлер мен оқытушылар қатарынан лайықты орын алды. Сәкен Нұғманұлы туралы естеліктер әрдайым біздің жүрегімізде және түлектеріміз еліміздің дара тұлғасының есіміне лайық болуға ұмтылады деген сенімдеміз», – деп атап өтті ҚазОРҒЗИ директоры, Қазақстанның бас онкологы Диляра Қайдарова.
Медицина ғылымдарының докторы, профессор Нұғманов Сәкен Нұғманұлы Қазақ КСР еңбек сіңірген дәрігері, Бүкілодақтық онкологтар мен акушер-гинекологтар қоғамының Басқарма мүшесі, Қазақстан онкологтары ғылыми-медициналық қоғамының төрағасы, кіші медициналық энциклопедия редколлегия кеңесінің мүшесі, КСРО ХҒА Президиумы жанындағы қатерлі ісік жөніндегі Ғылыми кеңестің мүшесі, Қазақ Кеңес энциклопедиясы редколлегия кеңесінің мүшесі, Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің бас онкологы болды. 1962 жылы КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институтының онкология кафедрасын ұйымдастырып, оны басқарды. 1971 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының онкология кафедрасының негізін қалап, өмірінің соңына дейін басқарды.
Педагогикалық қызметте тәжірибесі мол С.Н. Нұғманов талантты жастарды іріктеп, еліміздің жетекші орталықтарына оқуға жіберді. Профессор Сәкен Нұғманұлының белсенді қатысуымен 10 жыл ішінде республика бойынша көптеген мамандар дайындалды, оның ішінде 100 астам ғылым кандидаттары мен докторлары, сондай-ақ профессор С.Н. Нұғмановтың өзі онкология бойынша 46 ғылым кандидаттары мен 5 ғылым докторларын дайындады.
«Мұнда бірегей зертханалар ашылды, мен өзім фармаколог болғандықтан, бұл бірегей фармакология зертханасы деп толық айта аламын. Қазір онкологияны емдеуде қолданылатын көптеген дәрі-дәрмектер, олардың негіздері осы жерде жасалды. Бүгін маған Нұғманов Сәкен Нұғманұлы атындағы ҚазҰМУ онкология және радиология кафедрасына берілетін сертификатты табыстауға рұқсат етіңіздер. Бұл шешімді университет Сенаты қабылдады. Сенат атынан, университет атынан және жеке өз атымнан осы сертификатты кафедра меңгерушісі Қайдарова Диляра Радикқызына табыстауға рұқсат етіңіздер», – деді ҚазҰМУ ректоры Талғат Нұрғожин.
«Соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезеңде өскелең ұрпаққа арнап жаңа орталықтар ашып, іргелі зерттеулер жүргізіп, әлемдік және отандық денсаулық сақтаудың дамуына зор үлес қосқан көрнекті профессорларға тағзым ету үшін биыл біз университетте осындай арнайы жобаны іске қостық. Мен онкология институты мен онкология кафедрасының ашылу тарихын зерттегенде, барлық республикаларда осындай бірінші санаттағы онкология ҒЗИ ашылған кезде тек Мәскеу қаласында ғана институттар болғаны және біздің Қазақ онкология және радиология институты болғаны таң қаларлық жағдай болды.
Ұлы профессордың есімін берудің салтанатты іс-шарасына Сәкен Нұғманұлының студенттері қатысып, оның еңбексүйгіштігі мен дәрігерлік, сондай-ақ педагогикалық шеберлігін еске алды.
«Мен профессор Сәкен Нұғманұлының шәкіртімін. Мен 1964 жылы 4 курста осы институтқа келдім. «Онкология үйірмесіне кім барғысы келеді?» – профессордың өзі әр кафедраға, емдеу факультеттеріне барып сұрайтын. Үйірме енді ғана ашылған кез. Біз бірнеше адам келдік. Сәкен Нұғманұлы жас студенттерді өз кабинетіне жинады. Ол кезде онкология институты Құрманғазыда ғана болған, бұл ескі ғимарат. Бізді жинап, әрқайсымыздан: «Сіз кім болғыңыз келеді?» деп сұрады. Мен: «Сәкен Нұғманұлы, мен науқастарға жақындағанды ұнатпаймын, науқастармен тікелей жұмыс жасағым келмейді» дедім. Ол: «Онда сен теоретик боласың!» – деді. Содан кейін ол эксперименттік онкологияның алғашқы үйірмесін ашты», – деп еске алды Сәкен Нұғмановтың студенттердің бірі.
Сәкен Нұғманұлы ғылыми, ұйымдастырушылық және қоғамдық қызметтің үлкен жүктемесіне қарамастан, үнемі дәрігерлік қызметтің бел ортасында жүрді, оның қатысуынсыз немесе кеңесінсіз бірде-бір күрделі ота жасалмайтын еді. Ол науқастардың сеніміне ие болған дәрігер болатын. С.Н. Нұғманов Қазақ КСР еңбек сіңірген дәрігері атағына лайықты тұлға еді.
Профессор С.Н. Нұғманов 1941 жылы Алматы медициналық институтын үздік бітіріп, ғылыми-зерттеу жұмыстары үшін институтта қалдырылды. 1941 жылғы қарашадан бастап 1947 жылғы наурызға дейін Кеңес Армиясында қызметте болды, Ұлы Отан соғысына қатысушы, Қызыл Жұлдыз орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Тың жерлерді игергені үшін» медальдарымен және басқа да үкіметтік марапаттармен марапатталды. 1947 жылдан 1962 жылға дейін Алматы медициналық институтында ассистент, доцент және кафедра меңгерушісі болып жұмыс істеді.
«Құрметті әріптестер, мен өз сөзімді «Әйтеуір» сөзінен бастайын. Баршаңызды осы айтулы күнмен – біздің кафедраға ұлы ұстаз Нұғманов Сәкен Нұғманұлының есімін беру салтанатымен құттықтағым келеді. 1975 жылы хирургия дәрігерлерін жетілдіру институтының операциялық бөлімінде таңертең операция бөлмесіне келгенім әлі есімде. Операциялық үстелде 2 хирург тұр, Сәкен Нұғманұлы операция жасап жатыр, бұл менің өмір бойы есімде қалған көрініс қазақстандық медицинадағы екі ұлы хирургтың бір операциялық үстелде мейірбикеге операция жасаған кезі болатын, – деп ҚазҰМУ онкология және радиология кафедрасының бұрынғы меңгерушісі Бахыт Қайдаров өз естеліктерімен бөлісті.
Бахыт Қайдаров кафедраға Нұғманов Сәкен Нұғманұлының есімін беру туралы ұсыныс бірнеше рет, алдымен 80 жылдары, содан кейін 2000 жылдары ұсынылғанын, бірақ ол кездері университет басшылығымен бұл іс аяқталмағанын да айта өтті.
Нұғманов Сәкен Нұғманұлының қызы – профессор Нұғманова Жәмилә Сәкенқызы: «Онкология кафедрасына әкемнің атын беруді мен жеке өзім байланыстырушы жіп ретінде бағалаймын, ол үзілмесін, алдағы уақытта ұрпақтар сабақтастығы біздің медициналық мамандығымыздың негізгі тірегі болсын – деп ризашылығын білдірді.
Енді Қазақстанның онкологиялық қызметінің негізін қалаушы және көрнекті маманның есімі тарихта мәңгі сақталады.