ҚазҰМУ ректорының есеп беру кездесуін 5 мыңға жуық адам тамашалады
Кеше онлайн-форматта ҚазҰМУ ректоры, профессор Талғат Нұрғожиннің Алматы жұртшылығымен есептік кездесуі өтті. Ректор кездесуде 2019-2020 оқу жылындағы жұмыстарды қорытындылап, университеттің оқу, ғылыми, инновациялық, қаржылық, экономикалық, әлеуметтік және тәрбиелік жұмыстар жөнінде жан-жақты талдау жасап, жеткен жетістіктерді сөз етіп, университеттің стратегиялық мақсаттары мен даму бағыттарын жариялады.
Іс-шараға студенттер, оқытушы-профессорлық құрам, университет қызметкерлері, ардагерлер, университеттің ата-аналар комитетінің мүшелері, қалалық ауруханалар мен университеттік клиникалардың бас дәрігерлері қатысты.
Онлайн-кездесу Facebook, Instagram, YouTube және WEBEX платформаларында тікелей эфирде жүргізілді. Тікелей эфир барысында көптеген сұрақтар келіп түсіп, олардың барлығына ректор толық жауап берген болатын. Талғат Нұрғожин атап өткендей, университет әлемдегі эпидемиологиялық жағдайдың өзгеруіне байланысты жаңа талаптар мен сын-тегеуріндерді ескере отырып, дәрігерлерді даярлау жүйесін жетілдіруде белгілі бір жетістіктерге қол жеткізді.
Ректордың есеп беру кездесуін 5 мыңға жуық адам тамашалады. Атап айтқанда, 2500 адам – Facebook желісінен, 1000 адам – Instagram желісінен, 200 адам YouTube-тен көрсе, WEBEX платформасынан 1109 адам кездесуді тікелей эфирде көрген.
Биыл ҚазҰМУ-ға түскен бірінші курс студенттерінің саны 1578 адам болды, оның ішінде мемлекеттік гранттар бойынша — 969, қалған 576 студент келісім-шарт негізінде түскен.
Жалпы медицина мектебіне 621 студент түсті, оның ішінде мемлекеттік грант бойынша – 295, қалған 326 студент келісім-шарт негізінде.
Стоматология мектебіне 163 студент түсті, оның ішінде мемлекеттік гранттар бойынша – 9, қалған 154 студент келісім-шарт негізінде.
Педиатрия мектебіне 166 студент түсті, оның ішінде мемлекеттік гранттар бойынша – 146, қалған 20 студент шарт негізінде.
Халел Досмұхамедов атындағы қоғамдық денсаулық сақтау мектебіне 36 студент түсті, оның ішінде мемлекеттік грант бойынша – 21, қалған 15 студент келісім-шарт негізінде.
Фармация мектебіне 552 студент түсті, оның ішінде мемлекеттік гранттар бойынша – 488, қалған 64 студент келісім-шарт негізінде. Айта кету керек, 488 студент «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» мамандығы бойынша грантқа түскен.