ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов Израильде өтіп жатқан ДДҰ Еуропа өңірлік бюросының 72-ші сессиясына қатысты
Израиль астанасы Тель-Авив қаласында осы күндері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа өңірлік бюросының 72-ші сессиясы өтуде. Бұл ДДҰ делегаттарының соңғы үш жылдағы алғашқы кездесуі. ДДҰ Еуропа өңірлік бюросының сессиясына әлемнің 53 елінен 700-ден астам денсаулық сақтау саласының өкілдері келді. Мамандар жұқпалы және жұқпалы емес аурулар, онкология, туберкулез, АИТВ / ЖИТС таралуының алдын алу, жасөспірімдер арасындағы семіздік, алкоголь тұтыну, сондай-ақ салауатты мінез-құлық пен өмір салтын ұстануға ынталандыру, цифрландыруды дамыту, кадрлық ресурсты даярлау сынды бірқатар маңызды мәселелерді талқылауда.
Қазақстанның жетекші медициналық жоғары оқу орнының ректоры Марат Шоранов ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бастаған қазақстандық делегация құрамында Израильдің Тель-Авив қаласындағы ДДҰ Еуропа өңірлік бюросының 72-ші сессиясының жұмысына қатысты. ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов ДДҰ-ның жеке отырысында сөз алды, сонымен қатар Өңірлік комитет төрағасының орынбасары болып тағайындалды.
Қазақстан делегациясы әлемге танымал дәрігерлермен және денсаулық сақтау министрліктерінің өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Сондай-ақ отандық делегация тәжірибе алмасу және ортақ іс-қимыл мен серіктестіктің басым бағыттарын талқылау, оның ішінде медициналық кадрлардың біліктілігін арттыру мақсатында Израильдің жетекші клиникаларында болды.
Сөз соңында ҚР Денсаулық сақтау министрі сессия делегаттарын биыл 22-23 қыркүйекте Түркістан қаласында өтетін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Денсаулық сақтау саласы бойынша ынтымақтастық Кеңесінің 35-ші отырысына және 2023 жылы ДДҰ-ның 75 жылдық мерейтойына, Алматы декларациясының қабылданғанына 45 жыл және МСАК бойынша Астана декларациясының қабылданғанына 5 жыл толуына орай ДДҰ Еуропа өңірлік комитетінің 73-ші сессиясына қатысу үшін Қазақстанға келуге шақырды.