ҚазҰМУ студенттерінің «Nomadic Art: Дала мәдениетінің жаһандық бейнесі» халықаралық фестивалі мен ғылыми-практикалық конференциясына қатысуы
2026 жылғы 16 наурызда Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейі, Алматы қаласы әкімдігінің Туризм басқармасы және Қазақстан этнодизайнерлер одағының бірлесуімен «Nomadic Art: Дала мәдениетінің жаһандық бейнесі» атты халықаралық фестиваль және ғылыми-практикалық конференция өтті. Аталған іс-шара «Наурызнама» онкүндігі аясында, 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай ұйымдастырылды.
Фестивальдің негізгі мақсаты – ұлттық жәдігерлерді заманауи этнодизайн арқылы жаңғырту, көшпелілер мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттау, сондай-ақ шығармашылық және іскерлік байланыстарды нығайту болды.
Фестиваль аясында «Ұлттық мұра – ұрпаққа аманаты: Музей жәдігерлері мен этнодизайнның тоғысуы» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция, этно-fashion show, халықаралық қолөнер көрмесі, көне технологияларды жаңғырту бойынша шеберлік сыныптары және креативті индустрия өкілдерімен стратегиялық кездесулер ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, World Craft Cities Showcase экспозициясында Тараз қаласының киіз басу өнері, Түркістан қаласының керамика өнері және Алматы қаласының зергерлік өнері кеңінен таныстырылды. Қатысушылар fumage техникасы бойынша перформанс, этнографиялық инсталляциялар және интерактивті шығармашылық алаңдардың жұмысымен танысты.
Фестиваль барысында Қазақстандық этнодизайнерлер одағы мен халықаралық ұйымдар арасында стратегиялық серіктестік келісімдер жасалып, отандық қолөнершілерге халықаралық деңгейдегі сертификаттар табысталды. Бұл бастама ұлттық қолөнерді жаһандық нарыққа шығарып, Алматы қаласының туристік әлеуетін арттыруға және оны Орталық Азиядағы мәдени әрі креативті хаб ретінде дамытуға бағытталған.
Осы мәдени-танымдық іс-шараға Х.Досмұхамедов атындағы Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің
– «Медико-профилактикалық іс» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері,
– «Қоғамдық денсаулық сақтау» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері белсенді қатысты.
Студенттер фестиваль бағдарламасымен танысып, ұлттық мәдени мұраны сақтау мен насихаттаудың заманауи тәсілдері, креативті индустриялардың қоғамдық дамудағы рөлі және мәдени туризмнің маңыздылығы туралы құнды ақпарат алды. Сонымен қатар, шеберлік сабақтарына қатысу арқылы дәстүрлі қолөнер технологияларының практикалық қырларын меңгеруге мүмкіндік алды.
Аталған іс-шара студенттердің мәдени дүниетанымын кеңейтіп, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруға, сондай-ақ кәсіби және тұлғалық дамуына оң ықпал етті.




















