ҚазҰМУ Цукуба университетінің (Жапония) делегациясын қабылдады
2026 жылғы 10–11 наурыз күндері С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде (КазҰМУ) Цукуба университетінің (Жапония) делегациясымен халықаралық академиялық кездесу өтті. Іс-шара академик Шармановтың Даңқ залында ұйымдастырылып, медициналық білім беру мен ғылыми зерттеулер саласындағы университеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызды қадамы болды.
Кездесу екі университеттің оқытушылары, зерттеушілері және студенттерін біріктірді. Цукуба университетінің делегациясын профессор Юсукэ Кобаяши, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар саласының ассистент-профессоры Соно Фумото, сондай-ақ ассистент-профессор Юта Танигучи бастап келді. Пікірталастарға екі елдің медицина факультеттерінің студенттері белсенді қатысып, олардың қатарында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері де болды.
ҚазҰМУ-дың халықаралық факультетінің деканы Нұржамал Джардемалиева құттықтау сөз сөйлеп, кездесуді ашты. Бағдарлама аясында екі университеттің таныстырылымдары ұсынылып, Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі туралы дәріс оқылды.
Өркениеттер диалогы: дәстүр мен сенімнің емдеу тәжірибесіне әсері
Кездесу бағдарламасының негізгі бөлігі студенттердің аралас командаларда бірлескен жұмысына арналды. Үш топқа бөлінген қатысушылар медицина саласындағы өзекті мәселелерді талқылай отырып, жаһандық сын-қатерлерден бастап мәдени және этикалық аспектілерге дейінгі тақырыптарды қарастырды. Атап айтқанда, дін мен ұлттық дәстүрлердің күнделікті клиникалық тәжірибеге әсері, сондай-ақ ағза донорлығына байланысты күрделі моральдық мәселелер талқыланды. Халықаралық аралас топтарда екі елдің студенттері пациенттердің дәстүрлері мен сенімдері диагноз қоюға, емдеуге және «дәрігер–пациент» қарым-қатынасына қалай ықпал ететіндігі туралы тәжірибелерімен және білімдерімен бөлісті.
Кездесудің ерекше атмосферасын командалардың қорытынды презентациялары қалыптастырды. Қатысушылар жобаларын қорғауға шығармашылық тұрғыдан келіп, дәстүрлі баяндама орнына пікірталас нәтижелерін шағын сахналық көріністер мен рөлдік ойындар арқылы ұсынды. Студенттер мәдени немесе діни кедергілерге тап болған дәрігер мен пациент арасындағы диалогтарды сахналап, донорлық мәселесіне байланысты күрделі этикалық жағдайларды модельдеді.
Мұндай интерактивті формат қорытындыларды әсерлі түрде көрсетуге ғана емес, сонымен қатар көрермендерді пікірталасқа тартуға мүмкіндік берді. Бұл тәсіл теориялық білімнің нақты клиникалық тәжірибеде қалай қолданылатынын айқын көрсетіп, болашақ дәрігерлер үшін эмпатия мен мәдени икемділіктің маңыздылығын атап өтті.
Осындай академиялық кездесулер өткізу Қазақстан мен Жапония студенттері мен оқытушылары арасында мәдениетаралық диалогты дамытуға, академиялық ұтқырлықты нығайтуға және тәжірибе алмасуға ықпал етеді.


































