ҚазҰМУ Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтті
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Қазақстан халқының бірлігі күні ерекше сән-салтанатпен аталып өтті. Бұл мереке – сан алуан мәдениет пен дәстүрдің байлығын дәріптеп, баршамызды бірлікке, ортақ құндылықтарға шақырады.
Университет қабырғасында 49 ұлттың өкілдері білім алуда. Осы күні студенттер өз халқының мәдениетін, ұлттық киімдері мен салт-дәстүрлерін, ұлттық тағамдарын, әндері мен өнерін таныстырып, өз тарихымен бөлісті.
Мерекелік шара аясында ҚазҰМУ ректоры Марат Едігеұлы Шоранов түрлі ұлт өкілдерімен кездесіп, мәдени көптүрлілікті қолдау және ұлттар арасындағы достықты нығайту мәселелерін талқылады. Бұдан кейін қонақтар мен студенттер этномәдени кабинеттерге экскурсия жасап, ұлттық құндылықтармен танысты. Сондай-ақ «Concordia»-да Алматы қаласы әкімдігінің Концерттік оркестрі қатысқан мерекелік концерт өтті.
ҚазҰМУ – шынайы бірліктің жарқын үлгісі. Бүгінде университетте 15 800-ден астам студент білім алса, олардың 3000-нан астамы – әлемнің 36 елінен келген шетелдік студенттер. ҚазҰМУ-да баршаға тең мүмкіндік берілген: ұлт, дін, нәсіл мен жынысына қарамай, әркім дәрігерлік ілімнің биігіне ұмтылуда.
Шын мәнінде, медицина ешқашан ұлтқа бөлінбейді. Өмірді сақтау мен адамға жанашырлық таныту – баршамызға ортақ қасиет. Өткен жылы университетте этно-мәдени орталықтардың кабинеттері ашылып, студенттер өз дәстүрі мен тарихын көпшілікке таныстыруға мүмкіндік алды. Бұл игі дәстүр алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей: «Халықтың бірлігі – мемлекетіміздің табысты дамуының басты факторы. Ынтымақ пен өзара қолдау – елдің бейбіт болашағының кепілі».
ҚазҰМУ – әр студент үшін өз үйіндей, қажет әрі қадірлі сезінетін білім ордасы болып қала бермек.
Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын! Өзара сыйластық, достық пен ортақ болашаққа ұмтылыс баршамызды бір мақсатқа жетелей берсін.