ҚазҰМУ әскери кафедрасының 166 түлегі салтанатты түрде ант қабылдады
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде әскери кафедраны тәмамдаған 166 түлек, оның ішінде 125 ұл мен 41 қыз, салтанатты түрде әскери ант қабылдады. Осы сәттен бастап олар медициналық қызметтің запастағы офицерлері қатарына ресми түрде қосылды.
«Әрқайсысыңыз ҚазҰМУ-дың түлегі әрі медицина қызметінің офицері деген мәртебелі атақты абыроймен алып жүріңіздер. Отан үшін ең қымбат нәрсе – адам өмірі. Сол өмірді қорғау аманаты бүгіннен бастап сіздердің қолдарыңызда», – деді университет ректоры Марат Шоранов.
Салтанатты іс-шара барысында әскери-патриоттық құндылықтарды дамытуға қосқан үлесі үшін 5 курсант «Қазақстан Республикасының патриоты» медалімен марапатталды. Сонымен қатар Мәншүк Мәметова және Владимир Иванилов атындағы әскери-патриоттық орталықтың екі курсанты Түлектер қауымдастығының арнайы медалімен атап өтілді. Оқу озаттығы, тәртіптілігі мен белсенділігі үшін ҚазҰМУ ректорының Құрмет грамотасына 34 курсант ие болды. Қорғаныс министрлігінің Бас әскери-медициналық басқармасы 6 курсантты үздік дайындықтары үшін марапаттаса, әскери кафедра басшысының грамотасы 17 студентке табысталды.
1938 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ҚазҰМУ әскери кафедрасы осы уақытқа дейін 50 мыңнан астам запастағы офицер даярлады. Олардың көпшілігі Ұлы Отан соғысында, Ауғанстанда, түрлі апаттар мен індеттердің салдарын жоюда адам өмірін арашалап қалуға атсалысты. Соғыс жылдарында кафедра дайындаған дәрігерлер жарақат алған жауынгерлердің 75 пайызына дейін сапқа қайта қосылуына себепкер болып, Жеңіске үлкен үлес қосты.
Бүгінде де кафедра өз тарихи миссиясын абыроймен жалғастырып келеді. Курсантар теориялық біліммен қатар практикалық және әскери-медициналық даярлықтан өтеді. Әсіресе, төтенше жағдайларда көмек көрсету, темірдей тәртіп пен көшбасшылық қабілетке айрықша назар аударылады.
Биыл, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, университетте Әскери-патриоттық тәрбие орталығы мен Маншүк Мәметова атындағы жаңартылған аудиториясы ашылды. Бұл тарихқа құрмет пен болашақ дәрігерлерді патриоттық рухта тәрбиелеудің маңыздылығын көрсететін маңызды қадам.