ҚазҰМУ QS-пен стратегиялық ынтымақтастықты күшейтуде
С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне QS халықаралық рейтингтік агенттігінің өңірлік директоры Сергей Христолюбов жұмыс сапарымен келді. Бұл кездесудің басты мақсаты – ҚазҰМУ-дың жаһандық білім беру рейтингтеріндегі орнын нығайтуға бағытталған стратегиялық қадамдарды талқылау болды.
QS – әлемдегі жоғары оқу орындарын бағалау мен рейтингтеуде жетекші рөл атқаратын беделді халықаралық құрылымдардың бірі. Бұл кездесу ҚазҰМУ үшін халықаралық деңгейдегі танымалдылықты арттыру жолындағы маңызды кезең саналады.
Сапар барысында Сергей Христолюбов университеттің басшылық құрамымен, сондай-ақ жетекші академиялық және әкімшілік мамандармен келіссөздер жүргізді. Кездесу аясында академиялық беделді арттыру, білім беру бағдарламаларының сапасын жетілдіру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыру және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
– Рейтингтегі жоғары орындарға қол жеткізу – түпкі мақсат емес. Бұл – білім, ғылым және басқару сапасының нақты көрсеткіші. ҚазҰМУ дамудың дұрыс бағытында келе жатыр. Университеттің әлемдік үздік жоғары оқу орындарының қатарынан орын алуына толық мүмкіндігі бар, – деп атап өтті Сергей Христолюбов.
Кездесуде QS рейтингтік жүйесіндегі негізгі көрсеткіштерге – академиялық бедел, ғылыми жарияланымдардың дәйексөзделу деңгейі, студенттер мен оқытушылардың халықаралық ұтқырлығы және жаһандық серіктестік аясындағы белсенділікке ерекше назар аударылды.
ҚазҰМУ ректоры Марат Едігеұлы Шоранов:
– Университетіміз білім мен ғылым сапасын арттыруда айтарлықтай жетістіктерге жетті. Алайда әлемдік рейтингтегі орнықты позицияға ие болу үшін жүйелі әрі кешенді жұмыс қажет. Бұл – бүкіл университет ұжымының ортақ жауапкершілігі. QS-пен ынтымақтастық бізге өз әлеуетімізді нақты бағалап, ұзақ мерзімді даму стратегиясын қалыптастыруға көмектеседі, – деді.
ҚазҰМУ халықаралық академиялық кеңістікпен терең ықпалдаса отырып, білім мен ғылымдағы жоғары стандарттарға берік ұстанымын жалғастыруда. QS өкілінің бұл сапары университеттің жаһандық беделін арттыруға және халықаралық әріптестіктің жаңа бағыттарын дамытуға негіз болды.