Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің деканы болып Жанат Қожекенова тағайындалды
С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің ректоры Марат Шоранов Басқарма мүшелері мен құрылымдық бөлімшелер басшыларының қатысуымен өткен кеңейтілген жиында Жанат Әсетқызы Қожекенованы Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің деканы қызметіне тағайындағанын хабарлады.
Жанат Әсетқызы Қожекенова – медицина ғылымдарының кандидаты, «Денсаулық сақтау ғылымдары» бағыты бойынша қауымдастырылған профессор, тәжірибелі ұстаз, ғалым және көпжылдық басқарушылық тәжірибесі бар маман. Ол С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетін «Гигиена және эпидемиология» мамандығы бойынша, сондай-ақ Орталық Азия университетін «Қаржы және несие» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Өзінің кәсіби қызметін санитарлық-эпидемиологиялық қызмет саласында бастап, кейін ҚР ҰҚК Әскери институтының әскери-медициналық бөлімінде гигиенист-дәрігер болып жұмыс істеген. 2003 жылдан бастап оның еңбек жолы ҚазҰМУ-мен тығыз байланысты, мұнда ол оқытушыдан бастап Қоғамдық денсаулық сақтау кафедрасының меңгерушісіне дейінгі жолдан өтті.
Оның жетекшілігімен ондаған магистрлер мен PhD докторанттар дайындалды. Ғылыми қызығушылықтары қоғамдық денсаулық сақтау, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет және заманауи медициналық менеджмент мәселелеріне бағытталған. 90-нан астам ғылыми жарияланымның, соның ішінде халықаралық рейтінгі бар басылымдардағы еңбектердің авторы.
Жанат Әсетқызы халықаралық «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, Литва денсаулық сақтау ғылымдары университетінде (Каунас қ.), сондай-ақ АҚШ-тағы Вирджиния және Нью-Йорк штаттарының университеттерінде тағылымдамадан өткен. Денсаулық сақтау менеджменті, стратегиялық жоспарлау және медициналық білім сапасын бағалау саласында мол тәжірибесі бар.