Ұлт саулығына арналған жобалар
Кейінгі жылдары елімізде кең таралған сүт безінің қатерлі ісігі, артериялық гипертензия, қан айналымының бұзылуы, бауыр циррозы, қолқа демікпесі, миокард инфаркті, тағы да басқа әлеуметтік ауруларды зерттеу ұлттық ғылымды дамыту жобалары аясында жүзеге асып келеді.
Салаға білікті генетиктер қажет
С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жанындағы Б.Атшабаров атындағы іргелі және қолданбалы медицина ғылыми-зерттеу институтында 2021 жылы ашылған Геномдық орталық мамандары осы бағытта іздене отырып, ДНҚ-ны зерттеуге байланысты бірқатар жұмыс жүргізген. Зерттеулер аурудың алдын алу, емдеу шаралары, генетикалық бейімділікті қамтиды.
Институт директоры Тимур Салиев Геномдық орталықтың ашылуын, отандық ғылымды дамытуға бағытталған маңызды қадамның бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі кезде дербестендірілген медицина бағдарламасы аясында генетикаға қатысты жобалар жүзеге асуда. Атап айтқанда, белгілі бір этностың (қазақтардың) ауру түрлеріне бейімділігі және эпидемиология бойынша биологиялық үлгілердің биобанкін құру және қалыптастыру ісі өзекті.
Бүгінде заманауи жарақталған орталықта ғылыми зертхана жетекшісі Зульфия Качиева, ғылыми қызметкерлер – Айғаным Төлегенқызы, Роза Кенжебекова, Жанар Ахметова, Салтанат Сәлімбекова, Гаухар Бісмілдина, кіші ғылыми қызметкерлер – Айбек Смағұл, Динара Тұрарова, Кристина Ковалева, Жанерке Тілеулес сияқты жас ғалымдар жобалармен айналысып жатыр.
– Зертханада адам геномын сканерлеуге лайықталған affymetrix микрочип анализаторы іске қосылған. Құрылғы геномды белгілі бір қауіп-қатерлерге, ауруларға бейімділікке толық талдау мүмкіндігіне ие. Алдағы уақытта зерттеу нәтижелерін еліміздегі клиникалар тәжірибесіне енгізу көзделген. Зертханада STC Compact ult биологиялық үлгілерін тіркеуге, есепке алуға және сақтауға арналған роботтандырылған жүйе бар. Бірегей жүйе 80 мыңға дейін үлгіні сақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ сараптауға, мәліметтер базасына қосуға, үлгілерді басқаруға арналған компьютермен жабдықталған. Десек те алдағы жобаларды жүзеге асыру үшін салаға білікті генетиктер қажет. Сонымен қатар зертханалық құрал-жабдықтарды жетілдіру, қаржыландыру мәселесі дер кезінде шешілсе, ұлт саулығына бағытталған жобалар жемісін беретіні сөзсіз, – дейді Т.Салиев.
ДНҚ-ны радиациядан қорғайтын дәрі
Бүгінде әлем ғалымдары радиацияның денсаулыққа қаупін зерттеп, одан қорғайтын препараттар жасау үстінде. Осы орайда Тимур Салиев жетекшілік ететін ғалымдар тобы хирургиялық ота кезінде қан кетуді тоқтату үшін қолданылатын «аминокапрон қышқылы» негізінде жасалған дәрінің адам организмін радиациядан тиімді қорғайтынына көз жеткізгені мәлім.
Орталық ғалымдары оны радиопротекторлық дәрі ретінде пайдалануға болатынын айтады. Бүгінде патенттелген препаратты әрі қарай жетілдіру жұмыстары жүзеге асуда. Тимур Салиевтің айтуынша, бұл тарапта арнайы жүргізілген тәжірибеде өз еркімен қан тапсырған дені сау адамның периферилік қанының мононуклеарлық жасушалары пайдаланылған.
– Препарат сәуле терапиясын алып жүрген пациенттер мен радиация сәулелі құрал-жабдықпен жұмыс істейтін медицина қызметкері үшін таптырмайтын қорғаныш құралы. Бұған қоса, бұл дәрі ядролық реактормен жұмыс істейтін әскерилер мен азаматтық сала мамандары үшін де пайдалы. Ядролық физика институты мамандарымен бірлесіп кеміргіштерге жасалған сынақ барысында препарат тиімділігін көрсетті, – дейді Т.Салиев.
Wi-Fi-дың ішек микробиомына әсері
Геномды орталықта жемісті жүзеге асқан жобалардың бірі – Wi-Fi толқындарының ішектің микробиомына әсері. «Отандық ғалымдардың бұл бағыттағы зерттеуі – алғашқы қадамның бірі», дейді Тимур Салиев.
Бұған дейін Wi-Fi сәулеленуінің ішек микробиомасына әсерін ешкім зерттемеген. Кеміргіштерге жасалған сынама нәтижесінде ішек микрофлорасы сәулеленуден кейін айтарлықтай өзгеріске ұшыраған. Сынама жануарларға жасалғандықтан, алдағы уақытта Wi-Fi-дың адам ағзасына кері әсерін түбегейлі зерттеу ісі маңызды.
– Микробиом құрамындағы өзгерістер сәулеленуден кейінгі 30 күн ішінде зерттелді. Нәтижелер Wi-Fi сәулесінен кейінгі 14-ші күні ішек микрофлорасының биоәртүрлілігі төмендегенін көрсетті, – деп атап өтті институт басшысы.
Микробиом – адам ішегіне тән табиғи бактериялар мен вирустардан тұратын микробтар жиынтығы. Микробтар адамның денсаулығы мен әл-ауқатында үлкен рөл атқарады. Патогендерден қорғайды, иммундық жүйенің дамуына, энергияны өндіру үшін тағамды қорытуға ықпал етеді. Пайдалы бактериялар жұмысына, мысалы, ішімдік, зиянды тағамдар, аз қозғалу сияқты сыртқы факторлар да кері әсерін тигізеді.
Сонымен қатар қоршаған ортаның әсері де микробиомның тепе-теңдігін бұзып, диабет, семіздік, жүрек-қан тамырлары, неврологиялық ішек ауруларын, аллергияны қоздырады. Микробиом жұмысының бұзылуы альцгеймер сияқты бірқатар аурудың өршуіне де соқтыруы мүмкін.
Ұялы телефонды пайдаланудың салдары
Т.Салиев адамзат өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған смартфондарды сақтықпен пайдалану қажеттігін алға тартты. Ғалымның айтуынша, смартфондардан тарайтын сәулелерден ДНҚ зақымдануын жоққа шығаруға болмайды.
Адам айналасындағы электрмагниттік өріс төмен жиіліктен (0-50 Гц) жоғары 5 ГГц (сымсыз жергілікті желі) диапазонындағы көптеген жиілікті қамтиды. Қазіргі уақытта телекоммуникация үшін қолданылатын GSM (ғаламдық ұялы байланыс жүйесі) диапазонының жиіліктері кең таралған. Ұялы телефондар жылу бермейтін электрмагнитті сәулелену түріне жататын радиожиілік өрісін тарататындықтан, жақын маңдағы ағза тініне сіңіп кетеді. Ұялы телефонды қолданушылар үшін радиоөрісті энергия әсері сонымен қатар телефон технологиясы, пайдалану әдісі, ұялы байланыс мұнарасымен арақашықтыққа да байланысты.
Осы тақырыпқа қатысты ғылыми зерттеулердің көпшілігі әзірге жануарлар мен жәндіктерге ғана жасалған. Жасушалардағы зерттеулер (in vitro) адам ағзасының белгілі бір сыртқы әсерлерге, соның ішінде ұялы телефондардың электрмагниттік өрістерін қалай қабылдайтынының толық көрінісі емес. Осы орайда ұялы телефондардың балалар денсаулығына әсері туралы сұрағымызға орай Тимур Салиев мәселенің толық зерттеліп болмағандығын алға тартты.
Ғалымның айтуынша, ұялы телефондарды ұзақ уақыт пайдалану бала ұйқысының бұзылуына және оқу үлгеріміне де әсер етуі ықтимал. Осы орайда балалардың ұялы байланыс құралдарын пайдалануын шектеуді ұсынған мамандар кеңесіне құлақ түрген абзал. Мысалы, британдық Денсаулық сақтау қызметі (NHS) 16 жасқа дейінгі балаларға ұялы телефондарды қажет болған жағдайда ғана және мүмкіндігінше телефон гарнитурасын пайдалануға кеңес береді.
https://egemen.kz/article/334976-ult-saulyghyna-arnalghan-dgobalar