«Ән мен жырға айналған – Мұқағали» атты ақынның 95 жылдығына арналған әдеби-сазды кеш
2026 жылдың 19 ақпанында С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ микробиология, вирусология кафедрасында қазақ поэзиясының мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған «Ән мен жырға айналған – Мұқағали» атты әдеби-сазды кеш өткізілді.
Іс-шара кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамының жетекшілігімен ұйымдастырылып, қатысушыларды поэзия мен музыка әлеміне терең жетеледі. Әдеби-сазды кештің жоғары деңгейде өтуіне «Медицина» білім беру бағдарламасының 2-курс эдвайзерлік студенттері белсенді атсалысып, ерекше шабыт пен серпін сыйлады. Болашақ дәрігерлер өздерінің кәсіби жауапкершілігімен қатар, рухани байлығын, шығармашылық қабілетін және ұлттық әдеби мұраға деген шынайы қызығушылығын көрсете білді.
Іс-шараның басты мақсаты – студенттердің рухани-мәдени дүниетанымын кеңейту, гуманистік құндылықтарды қалыптастыру және шығармашылық әлеуетін дамыту. Медициналық мамандық иелері үшін мұндай іс-шаралардың маңызы зор, өйткені дәрігерлік қызмет тек терең білім мен дағдыны ғана емес, сонымен бірге эмпатияны, моральдық жауапкершілікті және жоғары деңгейдегі эмоционалдық интеллектіні талап етеді.
Іс-шара барысында ақынның өмір жолы мен шығармашылығына кеңінен тоқталып, оның жүрек тебірентер жырлары мәнерлеп оқылды. Өлеңдерді ЖММ-1 қарасты эдвайзерлік топ студенттерімен қатар кафедра оқытушылары – профессор К.К. Мустафина, доценттер Н.Т. Таурбаева, Т.С. Бегадилова, А.И. Игисенова және профессор ассистенті З.М. Ханділлә оқып, ұрпақтар сабақтастығы мен рухани құндылықтардың үндестігін айқын көрсетті. Ақын сөзіне жазылған әндер кешке ерекше жылулық пен үйлесім дарытып, көрермендерге әсерлі көңіл күй мен шабыт сыйлады.
Бұл әдеби-сазды кеш поэзия мен ұлттық мәдениеттің мерекесіне айналып, медициналық университеттің тек білікті маман даярлап қана қоймай, рухани кемел, мәдениеті жоғары, әлеуметтік жауапты тұлғаларды тәрбиелейтінін дәлелдеді.
Іс-шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын ескере отырып ұйымдастырылды:
№4 ТДМ – «Сапалы білім»;
№3 ТДМ – «Жақсы денсаулық және әл-ауқат»;
№17 ТДМ – «Тұрақты даму мақсаттары жолындағы серіктестік».
№4 ТДМ аясында әдеби-мәдени мазмұн студенттердің дүниетанымын кеңейтіп, олардың коммуникативтік қабілеттері мен шығармашылық әлеуетін дамытуға ықпал етті.
№3 ТДМ бойынша кеш студенттердің психоэмоциялық саулығын нығайтуға, оқу үдерісіндегі күйзелісті төмендетуге және кәсіби мотивациясын арттыруға бағытталды.
№17 ТДМ шеңберінде оқытушылар мен студенттердің өзара ынтымақтастығы академиялық қауымдастықты нығайтып, серіктестік мәдениетін дамытуға негіз болды.
Іс-шараның құрметті қонақтары қатарында медицина ғылымдарының докторы, профессор, ОҚМА микробиология, аллергология және иммунология кафедрасының меңгерушісі Сейтханова Бибігүл Төлегенқызы және ЖММ-1 бас маманы Қанапияева Әсем Дүйсенқызы болды.
Осылайша, әдеби-сазды кеш кешенді білім беру және тәрбиелік мәнге ие мазмұнды іс-шара ретінде кәсіби құзыреттілігі жоғары, рухани дамыған болашақ мамандарды қалыптастыруға өз үлесін қосты және білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы тұрақты даму стратегияларына толық сәйкес келеді.















