«Әркімнің өз Эвересті бар» – Мақсұт Жұмаев ҚазҰМУ студенттерімен кездесті
ҚазҰМУ-да еліміздегі альпинизмнің символына айналған тұлға Мақсұт Жұмаев студенттермен жүздесті. Ол Қазақстан альпинистері құрамасының капитаны, Kazakh Alpine Club негізін қалаушы, әлемдегі барлық 14 сегізмыңдықты бағындырған жиырма жетінші спортшы және оларды қосымша оттегісіз еңсерген әлемдегі он екінші альпинист.
Университетке оның келуінің басты себебі жастармен өмірдің құндылығы, батылдық пен жауапкершілік жайлы ашық сөйлесу болды. Кездесу басында-ақ ол студенттерге жаңа бастама ұсынып, университетте саяхатшылар клубын құру идеясын ортаға салды. Бұл клубта жастар тауға қауіпсіз шығуды үйреніп, табиғатты тануға мүмкіндік алып, медицинада да маңызды болатын дағдыларды меңгере алады.
«Мен тауды емес, өз жолымды іздеп таптым»
Жұмаев әңгімесін балалық шағынан бастады. Ол Батыс Қазақстанның кең даласында туғанын, ол жақта тау болмағанын айтты. Анасы өмір бойы тіс дәрігері болып қызмет еткен, ал өзі алғаш ветеринар мамандығын алған. Дегенмен өмір оны альпинизмге алып келіп, сол жерде ол өзінің шынайы жолын тапқанын жеткізді.
«Менің жолым тау бөктерінде басталған жоқ. Бірақ өзімді тапқаныма, осы салада танылғаныма қуаныштымын», – деді ол.
Ол үш рет Эверестке көтерілгенін, барлық сегізмыңдықтардың «өлім аймағында» орналасатынын айтып өтті. Дегенмен оның айтуынша, ең биік шыңы Эверест емес, жастарға білім мен тәжірибе беру мүмкіндігі.
«Мен зейнетке шықтым, бірақ білгенімді жастарға қалдырғым келеді. Өзімнің де үш балам бар, үлкені медициналық колледжде оқып жатыр. Сол себепті сіздердің өмірді бағалағандарыңызды, тауға сауатты шыққандарыңызды қалаймын», – деді ол.
«Бір минуттың құны – бір өмір»
Жұмаев студенттерге биіктегі қатердің қандай болатынын, қандай қателер жиі кездесетінін, тәжірибелі альпинистің өзі қандай жағдайда қате шешім қабылдауы мүмкін екенін түсіндірді. Ол «Первая девушка-казашка на Эвересте» деректі фильмінен үзінді көрсетіп, онда бір минуттық кідірістің қалай қайғылы жағдайға әкелетінін айтты.
«Бір ғана минут – бірақ артында тұтас өмір тұрады», – деді ол.
Студенттер таудағы жағдайды бағалау, ауа райын оқу, топтық жауапкершілік, биікте шешім қабылдау сияқты дағдылардың маңызын білді. Әсіресе Жұмаев жаңа бастағандардың ең жиі жіберетін қатесін атап өтті:
«Тауға жалғыз шығуға болмайды. Биылғы жазда дәл осы себептен бірнеше жас адам қаза тапты», – деді ол.
«Шыңға шығу бір бөлек, үйге оралу бәрінен қымбат»
Кездесу барысында ол өзінің ең ауыр тәжірибелері туралы да ашық айтты: адамды реанимациялаған сәттері, іздестіру жұмыстарындағы қатысуы, Эверест маңындағы достарының қазасы. 2010 жылы жақын досын Эверест базасына жақын жерде жерлеуге тура келгенін еске алды. Бұл естеліктер студенттерді терең ойға қалдырды.
Ал мотивация туралы сұраққа ол былай жауап берді:
«Эверест – әр альпинистің арманы. Бірақ мен үшін ең қиын сұрақ неге шыңға шығу керек емес, неге қайта оралу керек. Шыңға көтерілу мақсат, ал үйге аман жету ең маңыздысы».
Бұл сөз залдағы жастардың есінде қалған негізгі ой болды.
Алдағы жоспарлар
Кездесу соңында Мақсұт Жұмаев келесі жолы ҚазҰМУ-ға Эверестке көтерілген алғашқы қазақ қызы Анар Бурашевамен бірге келуге уәде берді. Сонымен бірге студенттермен бірге көктемгі тау жорығын ұйымдастыру идеясын да ұсынды.


























