«Өнеге» жобасы аясындағы кездесу: ангиохирург Сәбит Бексейітұлымен тағылымды әңгіме
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде «Өнеге» жобасы аясында танымал ангиохирург, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Сәбит Бексейітұлымен резиденттердің кездесуі өтті. Іс-шараны Дипломнан кейін білім беру факультеті және Резиденттер кеңесі ұйымдастырып, Білім алушыларды дамыту және қолдау департаменті қолдау көрсетті.
Кездесуге ҚазҰМУ проректоры У.М. Датхаев пен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің медицина факультетінің деканы С.Б. Калмаханов арнайы қатысты. Олар қонақтарды таныстырып, кездесудің маңыздылығына тоқталды.
Сәбит Бексейітұлы – ангиохирургия саласында елеулі тәжірибесі бар, жоғары кәсіби деңгейдегі маман. Ол Қазақстан, Ресей және Еуропа ангиохирургтері қауымдастығының, Орталық Азия елдері жүрек-қан тамырлары хирургиясы қауымдастығының, Қазақ эндоскопиялық хирургтер қауымдастығының (KAES) және Алматы қаласы мен облысы хирургтер қоғамының мүшесі.
Сәбит Бексейітұлы медицина саласындағы жолын 1992 жылы үздік аттестатпен бітіргеннен кейін Алматы мемлекеттік медицина институтында бастап, 1998 жылы қызыл дипломмен аяқтаған. Одан кейін 2 жылдық клиникалық ординатура, А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында аспирантура, басқару және менеджмент салаларында жоғары білім алған. Оның кандидаттық диссертациясы – «Тері гемангиомаларын хирургиялық емдеуде ND:YAG лазерін қолдану» тақырыбында жазылған.
Еңбек жолында ол көптеген жауапты қызметтер атқарған, соның ішінде Алматы қалалық клиникалық ауруханаларында, Қызылорда облыстық медициналық орталығында және денсаулық сақтау басқармаларында басшылық қызметтерді, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және клиникалық тәжірибелерді үйлестіре жүргізген.
Қазіргі уақытта Сәбит Бексейітұлы – ҚазҰМУ-дың №2 хирургиялық аурулар кафедрасының доценті және С.Ж. Асфендияров пен А.Н. Сызғанов атындағы орталықтарда жетекші ғылыми қызметкер болып жұмыс атқарады.
Кездесу барысында дәрігер резиденттерге жүрек-қан тамырлары хирургиясы саласының ерекшеліктері мен заманауи тәсілдері туралы мазмұнды дәріс оқыды. Ол кәсіби жолда үнемі ізденіс пен өзін-өзі дамыту қажеттігін атап өтті:
«Хирургтың жұмысы – жауапкершілігі зор, үнемі үйренуді қажет ететін сала. Ғылыми әдебиетті оқып, ой түйіп, тәжірибемен ұштастыра білу – әр маманның парызы», – деді Сәбит Бексейітұлы.
Кездесу соңында қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, толық әрі мазмұнды жауаптар алды. Іс-шараны Дипломнан кейін білім беру факультетінің деканы А.Н. Баймаханов қорытындылап, спикерге алғысын білдірді.