Өрімдей өмірлерін Жеңіс үшін құрбан қылған батырлар
Ағымдағы 2021 жылдың 21-ші қазан күні, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде «Өткен күннің тарихына құрмет» бағдарламасы аясында Совет одағының батырлары Мәншүк Мәметова мен Владимир Иваниловтың туылған күндеріне орай еске алу кеші өтті. Батырларға арналған еске алу кеші университетімізде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұрады. Өйткені, қос батыр біздің оқу орнымыздың мақтанышы. Алматы медицина институтының қабырғасында оқып жүрген кездерінде өз еріктерімен екі өрімдей жас майданға аттанған болатын.
Сол сұрапыл соғыста Мәншүк Мәметова мен Владимир Иваниловтың екеуі де қыршын жастарында ерлікпен қаза тапты. Екі батырға да қайтыс болғаннан кейін Совет Одағының батыры атағы берілді. Батыр В.Иваниловтың туылғанына биыл жүз жыл толды. Алда келе жатқан 2022 жылы Мәншүк апамыздың да туылғанына қазан айында жүз жас толады. Қос батырдың туылған күндері, ерлікпен қаза тапқан күндері де осы қазан айының соңы.
Іс-шара барысында Корпоративтік даму жөніндегі проректор У.М.Датхаев, әскери кафедрасының оқытушылары Н.И.Насыров, А.Т.Лесбаев сондай-ақ, қонақ ретінде қатысқан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің PhD докторы А.Ф.Турапи батырлар өмірбаяны мен жасаған ерліктері жөнінде айтып өтті. Осыдан 10 жыл бұрын Мәншүк апамыздың туылғанына 90 жыл толғанда ҚазҰМУ әкімшілігінің және музей қызметкерлерінің бастамасымен университет атынан әскери кафедрасының оқытушысы Ә.Т.Лесбаев екі студентпен Мәншүк Мәметованың жерленген жері Ресей Федерациясының Невель қаласына барып қайтқан болатын. Сол сапардан соң университеттің қолдауымен «Жизнь легенда» атты Мәншүк жайындағы деректі фильм өмірге келді. Еске алу кешінде осы «Жизнь легенда» деректі фильмі көрсетілді.
Іс-шара соңында Стоматология мектебінің 2 курс студенті Жұмамұратов Дінмұхамед және Құлмұрат Саят домбырада С.Тұрысбековтың «Көңіл толқыны, Ақ жауын» күйлерін орындап, Педиатрия мектебінің 2 курс студенті Бусабаева Аңсаған ақын Т.Жароковтың «Мәншүк қызыма» деген өлеңін оқыды. Жалпы медицина мектебінің 1 курс студенті Ақжүніс Әліхан еске алу іс-шарасын жүргізді. Жиын соңында университет алаңындағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан батыр-медиктер мемориалдық ескерткішіне гүл себеті қойылды. Сол мемориалдық ескерткіштің екі жағына Мәншүк Мәметова мен Владимир Иваниловтың бюсті қойылған. Жиын соңында ескерткіш жанында оқытушылар мен студенттер естелік суретке түсті.
Қанша уақыт өтсе де, сұрапыл соғыста қыршын жандарын құрбан еткен қос батырдың ерлігі ел жадында сақталады.
Жастар саясаты басқармасының
бас маманы С.А.Апсаттарова