Өссе тілім мен де бірге өсемін …
2014 жылдың басында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев XXI ғасырдағы Қазақстанның ұлттық идеясы – Мәңгілік ел деп жариялады. Елбасымыз ұл болашағы туралы ойын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» («Егемен Қазақстан» №70 (2905)) атты мақаласында одан әрмен дамытты. Ол осы мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс»,– деген болатын. Ал осылардың барлығы ұлттың тілі арқылы сақталатыны, ұлттың тілі арқылы болашаққа мирас болатыны ақиқат.
Тіл – халықтың айнасы, рухани келбеті. Кеңес Өкіметінің өктем саясаты әсерінен құрдымға кете жаздаған қазақ тілі бүгінгі күнде бірте-бірте күш алып келе жатыр. Бұл ұлттар арасын ушықтырмай мемлекеттік тілімізді еппен алға бастырып келе жатқан Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасы екенін атап өткен жөн.
ҚР Президентінің Мәңгілік ел идеясын жүзеге асыруға мақсатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ұйымдастырған «МӘҢГІЛІК ЕЛ: ҚАЗАҚСТАННЫҢ КЕМЕЛ БОЛАШАҒЫ» атты ІІ Республикалық байқау 2017 жылдың 24 қарашасында өз мәресіне жетті. Биылғы байқауды өткізуді өз мойнына алған ҚР ДСМ «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты» байқау қорытындысы мен марапаттау салтанатын өте жоғары деңгейде өткізді.
Байқауға С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті Қазақ тілі және кәсіби қазақ тілі кафедрасының оқытушылары белсене қатысты. Орыс топтарына арналған көптеген қазақ тілі оқулықтарының авторы доцент Доскеева Балдырған Жармұхаметқызы «Үздік тіл оқытушысы» аталымы бойынша жеңімпаз атанып ҚР ДСМ төсбелігісімен марапатталды. Бұл – ұзақ жылдар бойы аталмыш кафедрада еңбек етіп, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін меңгеруіне барынша үлес қосып жүрген ұстаздың еңбегінің жемісі деп білеміз. Осы аталым бойынша кафедраның тағы бір оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Серікқалиева Айман Қанатқызы дипломмен марапатталды. Жас маманның алғашқы аяқ алысы жаман емес екенін осыдан байқауға болады.
Қазақ тілі және кәсіби қазақ тілі кафедрасында көптен бері жұмыс істеп келе жатқан доцент Дәрменқұлова Раиса Нұрсұлтанқызы «Тіл ардагері» аталымы бойынша төсбелгіге ие болды. Р.Н.Дәрменқұлова – бірнеше оқулықтардың авторы, қазақ тілін оқыту әдістемесінің майталманы.
Университетіміздегі терминологиялық комиссияның және оқулықтар мен оқу құралдарын рецензиялау комитетінің мүшесі, медицина ғылымының қазақ тілінде дамуына мол үлес қосып жүрген доцент Зайсанбаев Төлеубек Қизатұлы «Тіл жанашыры» аталымы бойынша төсбелгімен марапатталды.
Жас мамандар мен студенттер арасында өткізілген «Талаптыға нұр жауар» байқалымы бойынша Қазақ тілі және кәсіби қазақ тілі кафедрасының аға оқытушысы Абдықадырова Айнұр Рахманәлі қызы дайындаған фармация факультетінің 5 курс студенті Устинова Мария, доцент Р.Н.Дәрменқұлованың студенттері Алтаранех Рашед Мохаммад Яхиа, Вакасов Дильзат, Кинева Алина және доцент Т.Қ.Зайсанбаевтың шәкірті 6 курс студенті, Ауғанстан Ислам Республикасынан келген Димрал Саид Сабер осы аталым бойынша жеңімпаз атанып, арнайы мақтау қағаздарға ие болды
Осы байқауға кафедра оқытушыларының белсене қатысуына барынша ықпал еткен, кафедрадағы тәрбие жұмысына жауапты аға оқытушы А.Р.Абдықадырованың еңбегін айрықша атап өткен жөн. Кафедра оқытушыларының осындай марапттарға ие болуы Қазақ тілі және кәсіби қазақ тілі кафедрасы ұжымының қажымай-талмай еңбек етулерінің жеімісі деп бағалауға әбден болады. Ұлт болашағы үшін аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздарға шығармашылық шабыт, зор табыстар тілейміз.