Абайды білу – өзіңді тану
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында айтып өтті. Мемлекет басшысының сөзіне сүйенсек: «Абайды білу – өзіңді тану. Өзін-өзі тану және адамның тұрақты дамуы, ғылым мен білімнің басымдығы – жетілудің көрінісі».
Абай – дара, Абай – ақын, Абай – дана. Қазақтың ортақ мақтанышына айналған халқымыздың ұлы перзенті, ақын, философ, ғұлама Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар басталып кетті.
Осы орайда Қазақ ұлттық медицина университетінде клиникалық фармакология кафедрасының меңгерушісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Қайролла Дүйсенбайұлы Рахимовтың жетекшілігімен, кафедра ассистенті Еркінбекова Гүлнар Бекбосыновнаның ұйымдастыруымен 16 қазан 2020 жылы «Жалпы медицина» мамандығы бойынша «Жалпы практикалық дәрігер» бағытында білім алып жатқан, 6 курс 639-1,2 топ интерндерінің ұйымдастыруымен қазақ халқының ұлы ақыны, әдеби тілінің негізін салушы, аудармашы, сазгер, дана, дара тұлға Абай Құнанбаевтың 175-жылдық мерейтойына байланысты іс-шара өткізілді. Іс-шараға 637-1,2 топ интерндері, кафедраның профессор-оқытушылар құрамы қатысты.
Іс-шараны кафедра меңгерушісі ҚР ҰҒА академигі Рахимов Қ.Д. ашты. Болашақ дәрігерлерге білім мен тәлім-тәрбие берумен қатар әдеби мұраларды, Абай атамыздың шығармаларын оқуды ұсынды. Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінен үзінді оқып, мазмұнына тоқталды.
Әрі қарай студенттер іс-шараны жалғастырды. Олар Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті, теңдесі жоқ, алтын қазынасы? .
уақыт өткен сайын халқымыз ғұлама Абайдың рухани дүниесіне терең бойлап, оның ұлылығының тың қырларын ашып, ғасырлар бойы қалың елін қазағын жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра беретінін атап өтті. Болашақ дәрігерлеріміз Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін мәнеріне келтіріп оқыды.
Абайдың қара сөздері – көркем шығарма түрінде емес, ақынның өмір сабақтары туралы ойларын, содан туындайтын даналық, философиялық түйіндерді жинақтаған публицистикалық үлгіде жазылған ақыл – өнеге, өсиет, ғибрат сөздер. Абайдың қара сөздері өз кезі үшін де, бүгін де бағасы зор.
Абай өз ғұмырының ақырына дейін қазақ балаларын оқуға, білім-ғылыммен айналысуға, рухани дамуға және әлемдік мәдениеттің құндылықтарын бойға жинауға шақырғанын білеміз. Дана ақын келер ұрпақты «жүрегімнің қуаты, перзенттерім» деп бағалайды. Айтылған сөз, жазылған жауһар ойлар бірінші кезекте соларға бағытталады. Жат мінез-құлықтан аулақ болудың нақты жолдарын меңзейді. «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің» – деп толғайды ұлы ғұлама.
Ұлы дала философы және ағартушысының өмірден озғанына ғасырдан астам уақыт өтсе де, оның бейнесі туған халқына, туған ұлтына жақындай түсуде. Еліміз егемендік алып, тәуелсіздік Туы төбемізде желбіреген кезеңде ұлы ойшылдың жауһар жырлары мен мазмұны терең ой-танымдарының құндылығы артып келеді.
Абай шығармашылығы тек қазақ халқының ғана мұрасы емес. Шетелдіктер қазақты Абай арқылы таниды, ақынның жырлары арқылы бағалайды. Оның жалпыадамзаттық құндылықтарды насихаттауға толы шығармалары бүкіл халықаралық қауымдастыққа жатады, әлемдік мәдениеттің бөлігі болып табылады.
Іс-шараны ассистент Еркінбекова Г.Б. түйіндеді. Абай Құнанбаевтың шығармаларының мәні, оның Шығыстан Батысқа дейін бүкіл дүниежүзінде аса құрметпен бағаланатын, басқа елдердің тіліне аударылып жатқандығы туралы атып өтті. Түркі әлемі үшін Абайдың маңыздылығын жоғары таныған қаламгерлер мен ғалымдардың сырлы жолдарға толы жүрек түкпірінен шыққан тілек сөздерінен үзінді оқыды.
Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы, ерінбе.
Адамдықты көздесең,
Жаттап, тоқы көңілге.
Қамшының сабындай ғана қысқа өмірінде артына өшпес із, өлмес өсиет қалдырып кетуді ақын сөзімен айтсақ:
Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған…
Ұлы Абайдың 175 жылдығын мерекелеу біздің еліміздің әлемде танылуына тың серпін беретініне сенімдіміз. Абай есімі жаңа Қазақстанның брендіне айналуы керек, сондықтан оның шығармаларын біздің елден тыс жерлерде де кеңінен насихаттау қажет.