Абай: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп …»
2018 жылдың 25 қазаны күні С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ «Даңқ залында» Мәдени-шығармашылық жобаларды іске асыру тобы, Халықаралық медицина факультеті, Тілдік пәндер кафедрасы және кітапхана ұжымы ҚР Президентінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Абай әлемі» атты әдеби-танымдық музыкалық кеш өткізді. Кештің мақсаты – қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылығын жас ұрпаққа насихаттау және ұлттық дүниетаным қалыптастыруда аса маңызды рөл атқаратын Абай еңбектерінің мән-мазмұнын жан-жақты сипаттау.
Кеш шымылдығын ашқан КазҰМУ-дың Стратегиялық және корпоративтік даму жөніндегі проректоры, профессор Датхаев Убайдилла Махамбетұлы ұлттың табиғи болмысымен біте қайнасқан Абай шығармаларының маңыздылығына тоқтала келіп, болашақ ұрпақ ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздерін терең түсіну керектігіне баса назар аударды. Ол кеш қонағы Абай атындағы ҚазҰПУ «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, ф.ғ.к. Абайтанушы Шойынбет Жабал Алшынбекұлына университет әкімшілігі тарапынан алғыс білдірді.
Тілдік пәндер кафедрасының доценті Қожахметова Фарида Бақытжанқызы «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Шойынбет Жабал Алшынбекұлының ғылыми еңбектеріне қысқаша тоқталып өтіп, оны кешке қатысушылармен таныстырды. Мұнан кейін сөз алған абайтанушы Жабал Алшынбекұлы Абай шығармалары Кеңес Өкіметі кезінде тек социалистік реализм тұрғысынан ғана қаралғанын, еліміз тәуелсіздік алғалы ғана оны барлық қырынынан зерттеу қолға алынғанын сөз етіп, осы тұрғыда «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығы атқарып жатқан істерге тоқталды. Ол: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп»,- деген Абай сөзінің бүгінгі Қазақстандағы ұлттар достығына арқау болатын ұстаным екеніне баса назар аудара келіп, Абайдың шығармалары ұлттық мәдениеттерді рухани біріктіретінін, Абай шығармаларын қайталап оқыған сайын адам рухани жақтан дами түсетінін ашып көрсетті. Бүгінгі күнде рухани байлықтың азайып, материалдық құндылықтың басымдығының күшейіп бара жатқандығын, ел боламын десең, рухани байлықты бірінші ретке қою керектігін және Абай шығармашылығына дүние жүзі ғалымдары қызығушылық танытып отырғанын баса айтып өтті. Сонымен қатар, Жабал Алшынбекұлы студенттердің сұрақтарына жауап беру барысында да Абай шығармаларына терең талдау жасап отырды.
Өз өнерлерін ортаға салған фармация мектебінің студенттері Ерасылова Дина, Тұрар Аружан, Шопан Алтынай, стоматология мектебінің студенті Ансам Афиф Оадет, Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің студенттері Қобасова Әсел, Қанатов Әділет, Балмағамбетов Арыстан, педиатрия мектебінің студенттері Темірәлиқызы Диана, Орынбек Лаура Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін оқыды. Фармация мектебінің студенті Мұратбек Мухтарима, Педиатрия мектебінің студенттері Нақысбекова Жанар, Бекен Балауса, Халықаралық медицина факультетінің 4 курс студенті Төлеубек Жасұлан, Тілдік пәндер кафедрасының доценті Төлеубек Зайсанбаев Абай әндерін орындады.
Кеш соңында Мәдени-шығармашылық жобаларды іске асыру тобының жетекшісі Апсаттарова Салтанат Айкенқызы арнайы шақырылған қонақ Абайтанушы Жабал Алшынбекұлына және Тілдік пәндер кафедрасының меңгерушісі А.Т.Бактыбаева және осы кафедраның оқытушылары Т.Қ.Зайсанбаев, Г.Қ.Даркенбаева, Ф.Б.Қожахметоваларға, Университет ғылыми кітапхана басшысы А.Б.Асановаға, анықтамалық-библиография бөлімінің меңгерушісі С.А.Елеукеноваға, кітапханашы Н.С.Омароваға және өнерпаз студенттерге кешті ұйымдастыруда белсене атсалысқандары үшін ризашылығын білдіріп, университет ректоры атынан Алғыс хаттар табыстады. Рухани байлығымызды танытуда, құрметтеуде осындай кештердің жиі болуы, болашақ ұрпақтың өз елін, жерін, мәдениетін құрмет тұтатын ұрпақ болатынына кепіл болады және де адамның есінде қалып, ойлануына қозғау салады. Алдыңғы буын кейінгі өсіп келе жатқан ұрпаққа жақсы тәрбие беріп, рухани байлықты құрметтеуді үйретсе, ол да ертең соны қайталап көрегендігін көрсететін болады. Рухы биік әр азамат – елінің берік мызғымас діңгегі екенін әрқашан естен шығармауымыз қажет.
Тілдік пәндер кафедрасы,
Жастар саясаты басқармасы,
Мәдени-шығармашылық жобаларды іске асыру тобы