Адамдарды құтқарған ауған азаматы (aikyn.kz)
Осы аптаның сейсенбісінде кешқұрым Алматыдағы Мақатаев көшесімен келе жатқан №6 трамвай Сейфуллин даңғылы бойында он бір, одан соң тағы үш көлікпен соқтығысқаны туралы БАҚ құралдары жарыса жазды.
Егер сол трамвайда ауғанстандық студент Башарат Хан болмағанда көлік тола жолаушылардың жағдайы қандай болатыны белгісіз еді. Өйткені Башарат Хан ондағы жолаушыларды аман алып қалды.
Сөйтсек, Башарат Хан Юсефи Алматыдағы Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің 4-курс студенті екен. Оқу орнының ректоры Айхан Ақанов мырзаға дереу хабарластық. Ол біздің өтінішімізді қабыл алып, шәкіртімен жолықтыруға уәде етті. Біз университетке кіреберісте үстіне ақ плащ киген зейнеткерлік жасындағы бір кейуананы күтпеген жерден жолықтырдық. Жөн сұраса келсек, әлгі кісі трамвайдың ішінде болған екен. Мұнда өзімен қоса, бірнеше ондаған адамды құтқарып қалған жігітке арнайы аналық рақметін айтуға келген екен.
– Мен күндегі әдетім бойынша сол күні кешқұрым қаладағы Кардиология институында ем алып жатқан адамдарға газет-журналдарды жеткізуге бара жатқанмын. Содан автобус кешіккен соң, №6 трамвайға мініп, алдыңғы жағындағы кабинаға жақын отырдым. Көлік Мақатаев пен Қонаев көшелерінің қиылысына келгенде кілт тоқтады да, жүргізуші сыртқа шығып, бір нәрсе жасады. Біраз уақыттан соң жүргізуші салонның ішіндегі бір қызға қайырылып, бір кнопканы басуды өтінді. Жүргізуші сыртта қалды да, трамвай Мақатаевпен жүйтки жөнелді. Содан салондағы адамдар у-шу болды да қалды. Біреулер Аллаға жалбарынып, жан дәрмен. Содан топ ішінен бір ұзын бойлы қараторы жігіт шықты да, жедел жүргізушінің кабинасын қолымен ұрып, сындырмақ болды. Бұдан еш нәрсе өнбесін түсінді-ау деймін, бір кезде әлгі бала еш нәрсеге қарамастан трамвайдың кабинасының есігін аяғымен бірнеше рет теуіп, әрең сындырды. Енді бір сәт кабинаның ішінен тежегішті іздеп, біраз уақыт әуре-сарсаңға түсті. Содан әлгі бала біз мінген трамвайды Байтұрсынов көшесіне жақындаған кезде әзер тоқтатты. Сол-ақ екен, дегбірі қашып, үрей билеген көлік тола жолаушылар есікке ұмтылды. Ал құтқарушы жігіт болса, қазақ және орыс тілдерінде «Қорықпаңыздар бәрі де артта қалды. Барлығы жақсы болады. Бәріңізді шығарамын» деп жолаушыларды алдымен сабырға шақырып, содан кейін біртіндеп шығара бастады. Кездейсоқ бір апаттан қалған алматылықтар құтқарушы жігітті бірінен соң бірі құшақтап, алғысын жаудырып жатты. Мен бүгін сол жігітке арнайы алғысымды айтайын деп келдім. Мың болғыр жігіт екен. Бәрімізді аман алып қалды. Оған екі дүниеде Алланың нұры жаусын! – деп алматылық зейнеткер Хиуаз Рақымбайқызы өзінің қуанышқа толы ой-пікірін жеткізді.
Кездойсоқ апатттан елу шақты адамды аман алып қалған Башарат Хан Юсефи Ауғанстанның Түркменстанмен шекаралас орналасқан Фарияб қаласында туып-өсіпті. Олар алты ағайынды екен. Алматыдағы Асфендияров университетінде білім алып жүргеніне биыл төртінші жыл. Оның айтуынша, қиын жағдайға түскен адамды құтқару әрбір адамның азаматтық парызы.
– Ойымда еш нәрсе жоқ, трамвайдың ішінде лекциямды қарап тұрғанмын. Кенеттен «тарс-тұрс» еткен қатты дауыс естілді де, көлік ішіндегі қариялар мен балалар абыржып, не істерін білмей, салон іші абыр-сабыр болды да қалды. Терезеге көз салғаным сол, трамвай көліктерді бірінен соң бірін жапыра бастады. Одан әрі қарап туруға болмайтынын сездім де, дереу трамвайдың кабинасына жүгірдім. Кабинада жүргізуші жоқ, есігі жабық. Еш ойланбастан аяғыммен есіктің шынысын теуіп сындырып, қолымды ішке создым. Содан екі аяғым аспанда, басым төменде жартылай кабинаның ішіндемін. Тежегішті тартсам, еш қозғалмайды. Содан не керек, қосымша тежегішті іздеп әуреге түстім, ал трамвай жүйткіп келеді. Ақыры қосымша тежегішті іске қосып, трамвайды тоқтаттым-ау. Мақсатым – қалай болғанда да көлікті тоқтатып, жүргіншілерді аман алып қалу болды, – дейді ауғандық студент Башарат Хан Юсефи. Ал университеттің басшысы Айхан Аханов өзінің ғылыми-кеңеске Башарат Ханның суретін «Университет мақтанышы» залына іліп, оның астына студенттің қандай ерлік көрсеткенін жазып қою туралы ұсыныс жасамақшы. – Башарат біздің университетте Қазақстан Үкіметінің арнайы грантымен білім алып жатқан ауғанстандық 200 жастың бірі. Ол оқу озаты ғана емес, қоғамдық жұмыстардың белсендісі. Университет волейбол лигасының мүшесі. Ұстаздар қауымы оның болашағынан зор үміт күтеді. Ал апатты трамвайдан жолаушыларды құтқарып қалғаны біздің университет студенттері үшін ғана емес, барша қазақстандық жастарға үлгі-өнеге болуы тиіс, – дейді С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры, медицина ғылымдарының докторы Айхан Ақанов.