Академик Бақия Атшабарұлының 100 жылдығына арналған «Атшабаров оқулары»
Биыл ҚР ҰҒА-ның академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Бақия Атшабарұлы Атшабаровтың туғанына 100 жыл толып отыр. Еліміздің денсаулық сақтау саласы мен медицина ғылымының дамуына және оның қалыптасуына зор үлес қосқан белгілі ғалымның 100 жылдығына орай, ҚазҰМУ-да 10 қыркүйекте сағат 10.00-де «Даңқ Залында» «Атшабаров оқулары» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтеді.
Ғылыми шараға қоғам қайраткерлері, академиктің үзеңгілес достары, әріптестері, шәкірттері қатысатын болады. Сондай-ақ, аталмыш шарада жас мамандар ғылыми баяндамаларын жасайды.
Бақия Атшабаров Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым Академиясының академигі, аты әйгілі ғалым. Ол 30 жылдан аса Кеңес Одағының негізгі ғылыми медициналық орталығы – Аймақтық патология институтын басқарды. Онда туберкулез және бруцеллез эпидемиологиясын, ауыл шаруашылығындағы және өндірістегі еңбек гигиенасының ғылыми проблемалары, радиациялық гигиена, әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтау ұйымдары, тамақ ішу гигиенасы, жүйке жүйесінің патофизиологиясы және т.б. сияқты жұмыстарды зерттеп дамытуда өз үлесін қосқан.
Белгілі ғалым Семей полигонындағы ядро жарылысының кері салдарын алғаш зерттеп, халыққа жеткізген болатын. Бақия Атшабаров Семей палигонындағы 1957-1959 жылдары жүргізілген зерттеу жұмыстарының еш зияны жоқ деген нәтижесін алғаш болып кері дәлелдеп шықты. Оның он екі томдық ғылыми есептері істеген жұмыстарының оң нәтижесін берді. Қорытындысында оның осы жердегі жұмыстары үздік болып шықты. Ал, аймақтық патология, яғни «Қайнар синдромы» әлемдік медицина әдебиетіне жаңа ауру түрі ретінде енді. Атом сынағына қатысты атқарған жұмысы ғалымның жалғыз ғылыми ізденісі емес. Ол бұдан да басқа көптеген йод жетіспеушілігі, жүйке жүйелеріндегі гипертоникалық әсер және т.б. тақырыптағы зерттеулерге кандидаттық пен докторлығын қорғап шыққан.
Ғалымның 200-ден астам еңбегі, 10-нан аса ғылыми монографиясы жарық көрді. Ол 50-ден астам ғылым кандидаттары мен докторларын дайындаған.