Академик Т.Ш.Шармановтың 85-жылдық мерейтойына орай «Ұстазға тағзым» атты іс-шара
С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ 85-жылдығы, академик Т.Ш.Шармановтың 85-жылдық мерейтойына орай және нутрициология кафедрасының 20-жылдығы аясында ұйымдастырылған
Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. «Қоғамдық денсаулық сақтау» факультетінің тәрбие жұмысы жоспарына сәйкес 2015 жылдың 27-ші қарашасы күні Даңқ залында сағат 14.00-15.30 аралығында С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ 85-жылдығы, академик Т.Ш.Шармановтың 85-жылдық мерейтойына орай және нутрициология кафедрасының 20-жылдығы аясында «Қоғамдық денсаулық сақтау» факультетінің белсенді студенттерімен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының және Ресей медициналық ғылымдар академиясының академигі Т.Ш.Шармановтың «Ұстазға тағзым» атты кездесуі өткізілді. Тәрбиелік мәні зор кездесу нутрициология және еңбек гигиенасы кафедраларының бастамасымен, «Қоғамдық денсаулық сақтау» институтының белсенді студенттерінің қатысуымен ұйымдастырылды. Сценарий нутрициология кафедрасының оқытушылары Сукенова Д.А., Нұржанова Қ.С. және еңбек гигиенасы кафедрасының оқытушысы Төлеу Е.Т. бірлесіп дайындалып, «Қоғамдық денсаулық сақтау» институтының деканымен келісіліп, бекітілді.
Іс-шараның мақсаты – университет құндылықтарының бірі – ұстаздарды құрметтеуді үйрету, туған еліне және өз мамандығына деген мақтаныш сезімдерін тәрбиелеу.
Мереке қонақтары: ректор кеңесшісі, профессор Мустафина Ж.Ғ., «Қоғамдық денсаулық сақтау» институтының директоры, профессор Турдалиева Б.С., «Қоғамдық денсаулық сақтау» институтының деканы Бегадилова Т.С., нутрициология кафедрасының профессор-оқытушылық құрамы, «Қоғамдық денсаулық сақтау» институтының СҒҚ және 1 курс студенттері.