Алматыда академик А. Рақышевқа арналған ескерткіш тақта орнатылды
Алматыда академик, медицина ғылымдарының докторы Алшынбай Рақышевқа арналған ескерткіш тақта ашылды, деп хабарлайды 24KZ. Мемориалдық тақта Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ғимаратына орнатылды. Дәл осы оқу орнында Алшынбай Рақышұлы 1969 жылдан бастап 2018 жылға дейін студенттерге дәріс берді.
Ол бар ғұмырын ғылымға арнады. Анатомия ғылымының, медициналық терминологияның дамуына және соны қазақ тілінде оқытуға орасан зор үлес қосты. Ол алғаш болып латын-орыс-қазақ тілдеріндегі анатомиялық сөздікті шығарды. «Адам анатомиясы» екі томдығын да қазақ тілінде жазып, бастырды. Бұдан өзге жүздеген ғылыми еңбек жазды. Сонымен қатар Қазақстанда лазерлік медицинаны енгізуге атсалысты. Шара барысында академиктің отбасы университетке оның кітаптары мен ғылыми-танымдық жұмыстарын сыйға тартты.
Әсет Алшынбайұлы, академик А. Рақышевтың ұлы:
– Әкем бүкіл өмірін осы медицина университетіне, ғылымға, студенттерге арнады. Қазір оның жазған еңбектері оқулық ретінде пайдаланылады. Енді студенттер ескерткіш тақтаға қарап, оқулық авторын біліп жүреді. Ескерткіш тақта әкемнің медицинаға қосқан елеулі еңбегіне құрмет деп білемін.
Бауыржан Шәкенов, С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ профессор ассистенті:
– 4 томдық анатомиялық атлас шығарды. 4 томға арналған 2011 жылы 3 тілдегі халықаралық анатомиялық атаулардың сөздігін шығарды. Қазақша оқитын студенттердің саны көбейіп келе жатыр. Соған байланысты Алшынбай Рақышев шығарған кітаптарды студенттер сол оқу үстінде.