Алматыда дүниежүзілік денсаулық сақтау саласының аңыз адамы Төрегелді Шармановтың соңғы сапарға шығарып салу рәсімі өтті
Медицина қауымдастығының өкілдері, ғалымдар, саяси қайраткерлер, әріптестері мен достар ұлы адам – академик, медицина ғылымдарының докторы, Қазақ тағамтану академиясының президенті, Алматы декларациясының авторы Төрегелді Шарманұлы Шармановпен қоштасуға келді.
Қоштасу рәсімі Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Конкордия залында өтті. ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев көңіл айтты.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көңіл айту хатын жеткізді.
«Бүкіл өмірін ұлт денсаулығына арнаған Төрегелді Шарманұлы бірегей тұлға болды. Ол бар күшін отандық медицинаның дамуына арнады, көптеген пайдалы, игі бастамалардың бастауында болды. Оның еңбегінің арқасында Қазақстанда тағамтану туралы ғылымның көкжиегі едәуір кеңейтілді, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен, ЮНИСЕФ-пен және басқа да халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жолға қойылды. Ол жаңа ғылыми мектеп құрып, көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Төрегелді Шарманұлының жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі қалады», – делінген Мемлекет басшысының хатында.
Төрегелді Шарманов 25 мамырда 94 жасында қайтыс болды. Ол өзінің еңбек жолын ауылдық аурухананың қатардағы дәрігерінен бастады, әйтсе де, еңбекқорлығымен, табандылығымен және батылдығымен әлемдік ғылым мен даңққа қол жеткізді. Төрегелді Шарманов 1971-1982 жылдары Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігін басқарды, 1978 жылы осы жоғары лауазымда болған кезде ол мүмкін емес нәрсені жасай алды. Сол кезде әлемнің 140 елін бір мақсат – Алматыда өткен конференцияда Дүниежүзілік денсаулық сақтау хартиясын қабылдау төңірегінде біріктірді. Қызметінің басынан бастап өмірінің соңына дейін Шарманов адамдарға өтеусіз көмек көрсетудің мызғымас қағидаларын ұстанды, өзінің сүйікті кәсібіне толықтай беріліп қызмет етті.
С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ұжымы Төрегелді Шармановтың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Тұлғаның жарқын бейнесі мәңгі жадымызда сақталады.