«Былтыр Денсаулық сақтау министрлігінің, ҚазҰМУ-дың және «Қазақстан халқына» қорының негізінде елімізде осындай операциялар қайтадан жүргізіле бастады. Бұл – біздің еліміз үшін тарихи оқиға. Дәрігерлер әрдайым осындай операцияларды жүргізу үшін науқастарды шетелге жіберуге мәжбүр болған. Қазіргі күні Қазақстанда көздің қабығын трансплантациялау қайта жанданғанын мақтанышпен айта аламыз. Бұл С.Асфендияров атындағы жоғары оқу орнының университеттік клиникаларының базасында өткізілетін болады. Бұл операциялар біздің ең үздік мамандардың еңбегінің арқасында заманауи жабдықтарды пайдалана отырып жасалатын болады. Бұл отандық медицина үшін алға жасалған қадам ғана емес, мыңдаған пациент үшін толыққанды ем алуға деген үміт», – дейді С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов.
Алматыда ерекше операциялар қолға алынды
Алматыға іргелес жатқан Алматы облысының тұрғыны биылғы тамыз соңында оқтан жарақаттанып, жергілікті ауруханаға түскен. Онда науқасқа көзді емдеуден басқа барлық қажетті көмек көрсетілген. Оқ тангенс траекториясы бойынша бас пен көздің бір бөлігіне тиген екен. Нәтижесінде науқасқа «көздің ауыр химиялық күйігі» диагнозы қойылған.
Еліміздегі кератопластика жасайтын бірден-бір дәрігер – мегаполисте орналасқан Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің офтальмология кафедрасының меңгерушісі, Офтальмология орталығының директоры Марат Сүлейменов науқасты соқырлықтан сақтап қалды.
«48 жастағы науқас бастапқыда бізге кеңес алуға келді. Оқтан алған жарақатының күрделі екенін байқап, көзінің қасаң қабығын трансплантациялау туралы шешім қабылданды. Операция кезінде травматикалық катаракта бар екендігі де анықталды. Біз оны бір уақытта алып тастадық. Сөйтіп, науқастың көзін аман сақтап қалдық. Егер біз бұл операцияны жасамасақ, көздің ішкі жағы ағып түсіп, инфекция көздің ішіне енер еді. Соңында көзді мүлдем алып тастауға мәжбүр болар едік», – дейді офтальмолог Марат Смағұлұлы.
Марат Сүлейменовтың тәжірибесінде көздің қасаң қабығын трансплантациялау арқылы жанарды сақтап қалу оқиғасы бұл ғана емес. Тағы бір ер адам осыдан бірнеше жыл бұрын жұмыс орнында көзін абайсызда жарақаттап алған. Бірақ оған онша мән бермеген. Уақыт өте келе сол кездегі жарақаттың салдарынан көру қабілеті нашарлай бастап, ақыр соңында аяқ жолын көруден қалады. Сөйтіп, бұл науқастың да жанарын Марат Смағұлұлы трансплантация жасау арқылы аман сақтап қалды. Алдағы уақытта оған катарактасын емдеу үшін тағы бір операция жасалады.
Айта кетейік, Қазақстанда донорлық қасаң қабықты трансплантациялау бойынша бірегей операциялар тек С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ университеттік клиникасында жасалады. Осындай бірқатар операция былтырғы мамырда басталды. Қажетті донорлық қасаң қабықтар қазақстандық науқастар үшін АҚШ-тан әкелінді.
Бұл жоба «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің және Қазақстандағы «Lions World Vision Institute» көз банкі өкілдігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Дүние жүзіне белгілі көздің қасаң қабық трансплантациясынан басқа, осы бағдарлама аясында елде жаңа әдіс бойынша қабықша трансплантациясының бірегей қабаты жасалуда. Мұндай озық трансплантация әдістері елімізде алғаш рет жүргізілуде.
Бағдарлама аясында екі жылдың ішінде 304 қасаң қабық трансплантациясын жүргізу жоспарланды, оның ішінде 83 операция артқы қабатты трансплантациялаудың бірегей жаңа әдісі бойынша жүргізілуі тиіс. Қазіргі уақытта 200-ге жуық операция сәтті өтті.
Мұндай операциялар еліміздің аумағында 2017 жылдан бастап мәйіт донорлығының келіспеушілік презумпциясының нормасы өзгергеннен кейін жүргізілмеді. Атап айтқанда, 2017 жылға дейін, егер адам тірі кезінде қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келіспейтінін білдірмесе, дәрігерлер оның органдарын мұқтаж науқастарға трансплантациялау үшін қолдана алатын. Нәтижесінде, дәл осы 6 жыл бұрын елде трансплантация саны күрт төмендеді, ал қайтыс болған адамдардың органдарын трансплантациялау мүлдем азайды.
Көздің қабығын трансплантациялау – әртүрлі көз аурулары бар науқастар үшін көру қабілетін сақтаудың жалғыз әдісі. Жыл сайын көру қабілетін сақтау және мүгедек болып қалмау үшін шетелдік клиникаларға баруға мәжбүр болған 200-250 қазақстандық трансплантацияға мұқтаж.