Алматыда кардиологтар медициналық сақтандыру аясында 328 операция жасады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Былтыр Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында 328 операция жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ операция жасау блогы мен жасанды қанайналым зертханасы бар кардиохирургия бөлімшесінде кардиохирургиялық операциялардың барлық түрлері жасалады.
2020 жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен МӘМС шеңберінде 328 кардиохирургиялық операция жасалды. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 93 көп.
Кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаевтың айтуынша, жүрек ырғағы бұзылыстарының ең көп таралған түрі мен қауіптісі – жүрек кемістігі және жүректің ишемиялық ауруларымен жиі бірігетін жүрекшелер фибрилляциясы.
Мұндай жағдайларда жүрек ақауларын жүрек қақпақшаларына пластика қою және алмастыру немесе коронарлық шунттау – пациенттің өмір сүру сапасын қалпына келтіре қоймайды. Олардың өмір сүру сапасы жүрек кемістігі, ЖИА және жүрекшелер фибрилляциясын бір мезетте емдеген жағдайда ғана жақсарады.
«2020 жылдан бастап біздің бөлімшеде жүректің қақпақша кемістігі немесе ишемиялық ауруымен бірге жүрек ырғағының бұзылыстарын емдеу үшін ашық жүрекке криоабляция операциясы жасалып келеді.Қазіргі таңда пациенттердің ауыр санатына көмектесе отырып, біз осы технологияны сәтті қолданып келеміз»,- дейді Рүстем Төлеутаев.
Оның айтуыша,кардиохирургтар командасының тәжірибесі жүрекке ең күрделі операцияларды жасауға мүмкіндік береді. Жүрекшенің сол жақ құлақшасын клиптей отырып торакоспиялық радиожиілікті абляция, сонымен қатар жүрекше фибрилляциясы және тромбоэмболиялық асқынулары мен инсульттің жоғары қаупі бар пациенттерге оқшауланған торакоспиялық клиптеу операциялары жасалады.Жүрек ісігі болған жағдайда операциялар стандартты да,сонымен бірге кеудені кеспей азинвазивті әдіспен де жасалады.
«Кардиохирургия бөлімшесінің аортокоронарлық шунттау кезіндегі тағы бір ерекшелігі -шунттар бойынша қан ағымын өлшеу және операция кезінде олардың сапасын анықтау, бұл шунттар жұмысының ұзақ мерзімділігіне кепілдік беруге ықпал етеді.
Қосалқы патологиясы бар пациенттерде кездесетін күрделі жағдайларда, стандартты технологияларды қолдану жоғары қауіппен байланысты болған кезде, жасанды қанайналымның «жабық контуры» жаңа технологиясын қолдана отырып операциялар жасалады. Мұндай операциялар қауіптерді азайтуға және операциядан кейін пациенттің денсаулығын қалпына келтіруге мүмкіндік береді»,-дейді дәрігер.
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/infonew/almatylyk-kardiologtar-mams-shenberinde-328-operaciya-zhasady_a3752333