АЛМАТЫДА ӨТЕТІН ФОРУМДА ҚАЗАҚСТАН МЕН ШЕТ ЕЛДЕРДІҢ ЖЕТЕКШІ МАМАНДАРЫ НЕВРОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАЙДЫ
Өткізілетін күні: 17 мамыр 2024
Өткізілетін уақыты: 9.00
Өткізілетін жері: Double Tree by Hilton, Алматы, Досмұхамедов көшесі 115
2024 жылдың 17-18 мамырында Алматы қаласында «Neuroscience» Қазақстан ұлттық неврологтар қауымдастығының ұйымдастыруымен, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің, Еуропалық невропатологтар академиясы және Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасының қолдауымен «Neurology Update in Kazakhstan 2024» VI халықаралық білім беру форумы өтеді.
Форумның міндеттері невролог дәрігерлердің, жалпы практика дәрігерлерінің, реабилитологтардың, нейрохирургтардың, реаниматологтардың біліктілігін арттыру, ғылыми-зерттеу әлеуетін дамыту, сондай-ақ шетелдік әріптестермен ғылыми және білім беру қызметін кеңейту болып табылады.
Форумға Қазақстанның барлық аймақтарынан және жақын және алыс шетелдерден, соның ішінде Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен невропатологтар, нейрохирургтер, реаниматологтар, жалпы тәжірибелік дәрігерлер қатысады. Спикерлер арасында АҚШ, Австралия, Түркия, Испания, Бельгия және Ресейдің жетекші сарапшылары бар, олар неврология саласындағы бірегей тәжірибелер мен соңғы жетістіктерімен бөліседі:
Пол Бун, MD, PhD FEAN, Еуропалық неврология академиясының президенті, Бельгия.
Андрей Александров, MD, неврология профессоры, Аризона университеті, АҚШ.
Тхань Нгуен, MD, FRCPc, FSVIN FAHA, Қан-тамыр және интервенциялық неврология қоғамының президенті, АҚШ.
Дитер Ритмахер, PhD, ғылыми жұмыс және аспирантура бойынша деканның орынбасары, неврология ғылымдарының профессоры, Медицина мектебі, Назарбаев Университеті Астана Қазақстан.
Валерий Фейгин, MD, PhD, профессор, Ұлттық инсульт және қолданбалы неврология институты, Клиникалық ғылымдар мектебі, Окленд технологиялық университеті, Жаңа Зеландия.
Анна Александрова, PhD, профессор Теннесси университеті, АҚШ.
Айта кеткен жөн, қазіргі таңда Қазақстанда неврологиялық аурулар қоғамдық денсаулық сақтаудың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Статистика мен тенденциялар бұл халықтың денсаулығына айқын әсер ететінін және медициналық қызметтің үлкен назарын талап ететінін көрсетеді.
Соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда неврологиялық аурулардың таралу деңгейі жоғары. Статистика деректері бойынша жылына 49 мыңнан астам қазақстандық инсультке шалдығады, оның 60% жуығы мүгедек болып қалады. Аурудың алғашқы 10 күнінде 5 мың адам қайтыс болады. Инсульт алғандардың шамамен 70% көмекке мұқтаж. Тірі қалған науқастардың шамамен 15% ғана қалыпты өмірге және жұмысқа орала алады. Ең жиі кездесетін неврологиялық аурулардың қатарына инсульт, деменция, Альцгеймер ауруы, Паркинсон ауруы, шашыраңқы склероз, эпилепсия және т.б. жатады. Инсульт мәселесі көбіне өзекті болып табылады, бұл елдегі мүгедектік пен өлімнің негізгі себептерінің бірі болып қала береді.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметтеріне сәйкес елімізде неврологиялық ауруларымен 363 754 бала мен 440 254 ересек науқас тіркелген. Олардың ішінде 6,5 мыңнан астам науқас жүйке жүйесінің демиелинизациялық аурулармен, 2,5 мыңнан астам науқас миастениямен ауырады.
Бұл алаңдатарлық статистика жүйке жүйесі бұзылыстарының алдын алу, емдеу және диагностикалаудың өте маңыздылығын көрсетеді. Осыған байланысты Қазақстан көп жылдар бойы медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) және стационар деңгейінде көмекті жақсарту бойынша шараларды белсенді түрде бастады.
Қазақстандағы неврологиядағы тенденциялар да кейбір аурулардың, әсіресе егде жастағы адамдарда жиі кездесетінін көрсетеді. Бұл өмір сүру ұзақтығының ұлғаюына, өмір салтының өзгеруіне және басқа да бірқатар факторларға байланысты, мәселен, стресс, физикалық белсенділіктің болмауы, нашар экология және т.б. Сонымен қатар, балалар мен жастар арасында неврологиялық аурулардың санының өсуі байқалады, бұл да денсаулық сақтау жүйесінің ерекше назарын талап етеді.
Сонымен қатар, Қазақстанда жаңа технологиялардың енгізілуі, медицина ғылымы мен білімінің дамуы, медициналық инфрақұрылымның өсуіне байланысты неврологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеуде ілгерілеу байқалады. Неврологиялық аурулардың алдын алу және емдеу бойынша оның ішінде мемлекеттік денсаулық сақтау бағдарламалары аясында түрлі бағдарламалар мен бастамалар қабылданды.
Дегенмен, мұндай ілгерілеуге қарамастан, неврологиялық аурулар Қазақстандағы денсаулық сақтаудың басты проблемасы болып қала береді. Бұл барлық мүдделі тараптардың – мемлекеттік және медициналық ұйымдардан бастап жалпы қоғамға дейін – осы ауруларды тиімдірек бақылау және алдын алу үшін одан әрі күш салуды талап етеді.
Форумның басты мақсаты – жүйке жүйесі ауруларын диагностикалау мен емдеуде ғылыми-практикалық тәжірибе алмасу, сондай-ақ науқастарды оңалту мүмкіндіктерін талқылау үшін ғалымдар мен тәжірибелі дәрігерлердің күш-жігерін біріктіру. Медицинадағы прогресс ғылыми жетістіктермен айқындалады, бұл тұрғыда неврология ерекшелік емес.
Екі күн аралығында форум қатысушылары жетекші сарапшылардың баяндамаларын тыңдап, неврологиялық ауруларды емдеудің соңғы хаттамаларын және жоғары тиімді диагностикалау және емдеу технологияларын енгізуді талқылайды Форум білім алмасуға, кәсіби тақырыптардың кең ауқымын талқылауға және жаңа кәсіби байланыстар орнатуға бірегей мүмкіндік береді.
Форум ғылыми зерттеулерді жандандыруға және неврология саласындағы озық диагностикалық, емдік және профилактикалық технологияларды енгізуге бағытталған. Жүйке жүйесінің тамырлы, демиелинизациялық, аутоиммунды, дегенеративті және сирек кездесетін (орфандық) ауруларын зерттеуге айрықша көңіл бөлінеді.
Қазақстанның неврологиялық қызметінің алдында денсаулық сақтаудың заманауи қажеттіліктеріне сәйкес жаңа деңгейге өту міндеті қойылған. «Neurology Update in Kazakhstan 2024» Форумы медициналық көмектің сапасын арттыру және жалпы ұлт денсаулығын нығайту жолындағы маңызды қадам болып табылады.