Алматыда 18 жасқа толмаған студенттер вакцина паспортын ала бастады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – 18 жасқа толмаған алматылықтар вакцинация паспортын ала бастады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жастар саясаты басқармасының басшысы Елнұр Асқаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елнұр Асқаровтың айтуынша, бүгінде Алматыда 12-17 жастағы 1 700-ге жуық жасөспірім вакцинаның бірінші компонентін алды және енді вакцинацияның электронды паспортын eGov-mobile мобильді қосымшасынан жүктей алады. ЖОО-ның жастар саясаты басқармасының басшысы студенттердің ішінде 1 599 кәмелетке толмаған жасөспірім бар екенін атап өтті. «Вакцинацияның арқасында жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта басталды. Егер біз санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді сақтауды жалғастыратын болсақ, жасөспірімдер вакцина алса, біздің қала мен еліміз эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауынан құтыла алады», – дейді ол. Сонымен қатар, спикер алматылық студенттер вакцинация науқанында белсенділік танытып жатқанын тілге тиек етті. «Бізде АМСК клиникасы бар. Кеше біз 18 жасқа толмаған вакциналанбаған студенттердің тізімін, ата-аналардың рұқсатын жинадық және екпе жасай бастадық», – деді Елнұр Асқаров.