Алматылықтар кеңседе ең ұзақ уақыт отырып жұмыс істейді – зерттеу
Қазақстан бойынша алматылықтар кеңседе ең ұзақ уақыт отырып жұмыс істейді. Бұл туралы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің (ҚазҰМУ) ғалымдары жүргізген зерттеу барысында анықталды, деп хабарлайды Kazinform.
ҚазҰМУ-дың мәліметінше, зерттеудің мақсаты халықтың физикалық белсенділігінің түрлі аспектілері мен аз қозғалысты өмір салтының таралуын зерттеуге арналды. Деректер әртүрлі жас топтары мен ел аймақтарын қамтитын сауалнама арқылы жиналды.
«Қазақстан бойынша алматылықтар кеңседе ең ұзақ уақыт отырып жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш әйелдер арасында күніне орта есеппен 370 минут, ерлер арасында 360 минут болған. Одан бөлек, алматылықтар уақытының едәуір бөлігін белсенді физикалық жүктемелерсіз өткізеді. Бұл жұмыс түріне, өмір салтына, сондай-ақ урбанизация мен көлік құралдарының қолжетімділігіне байланысты болуы мүмкін», – деп хабарлады ҚазҰМУ-дың баспасөз қызметі.