Алматы дәрігерлері құлақсыз туған балаларға бірегей ота жасамақ
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда дәрігерлер құлақсыз туған балаларға қабырға етінен құлақ қалқанын жасап бермек. Бірегей отаны С.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университетінің жақ және бет хирургы Нариман Сатылғанов қолға алмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дәрігер микротия диагнозымен туған балаларға көмектеспек.
Микротия – құлақ қалқанының дамымай қалуы немесе мүлде болмауы 8000-10 000 баланың арасында 1 балада кездеседі.
«Қазақстанда осы диагнозбен туған балалар өте көп. Бірақ оларға ешқандай көмек көрсетілмейді. Мен олардың құлағына реконстуркциялық ота жасаймын. Құлақ қалқанын баланың өз қабырға етінен жасап беремін. Ота 6 сағатқа созылады. Бұндай оталар Америкада 100 мың доллар, Еуропада – 60-70 мың доллар тұрады. Бізде қажетті лицензиялар барлығы бар. Біздегі ота құны 14 мың АҚШ доллары болады», – деді дәрігер.
Қазір артрезия (құлақ каналының жоқ болуы) және микротия диагнозы бар Қазақстандағы балалар шетелде емделуге мәжбүр.
2018 жылғы мәліметке сәйкес, Қазақстанда осындай диагнозбен 600 бала өмір сүріп жатыр. Олардың біразының бір жақ құлағы ғана естиді.
ҚР ДСМ комиссиясы 66 баланы шетелге емделуге жіберген.
Толығырақ: https://www.inform.kz/kz/almaty-darigerleri-kulaksyz-tugan-balalarga-biregey-ota-zhasamak_a3696210