Алматы жастары Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына орай флеш-моб ұйымдастырды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы жастары биылғы жылдың негізгі оқиғаларының бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына орай флеш-моб ұйымдастырды.С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеттің студенттері «Мәңгілік ел» алаңында жаппай биге шықты.
Мәдени шараны университет жанындағы «Бірлік» кіші ассамблеясы ұйымдастырған.
«Медицина саласы адамдарды ұлтына, дініне, әлеуметтік ерекшелігіне қарап бөлмейді. Біздің мамандығымыздың өзі көпұлттылықты дәріптейді. Біздің оқу орнымызда 17 елдің жастары білім алуда. Ең үлкен диаспора 200 ауғандық, 200 индус, 100 иордан ұлтының азаматы, Пәкістан мен ТМД елдерінен бірнеше азаматтар оқуда. Біздің басты міндетіміз олар елінен жырақта болса да, алаңсыз білім алуын қамтамасыз ету. Өткен жылы біз Университет жанынан шағын Ассамблея құруды шештік. Бұл одақ қазір ұлты бөлек, діні бөлек адамдардың бәрін біріктіріп отыр. Осы жыл бойы біз әр ұлттың мәдениетіне арналған онкүндіктер өткізуге тырысамыз», – деді университет ректоры Айхан Ақанов.
Студенттер өздерінің билерімен өз ұлтының ерекшеліктерін, мәдениетін, болмысын көрсетуге тырысты.