Алматы қаласында миастения гравис пен менингококкты инфекцияны диагностикалау және емдеу мәселелері бойынша білім беру семинары
С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың жүйке аурулары кафедрасы университеттің 95 жылдығына арналған практикалық денсаулық сақтауға бағытталған білім беру іс-шаралары сериясын жалғастыруда.
2025 жылдың 2 желтоқсанында Алматы қаласында №12 Орталық қалалық клиникалық ауруханасының базасында әртүрлі мамандықтағы дәрігерлер арасында миастения гравис пен менингококкты инфекцияға қатысты білім деңгейін және клиникалық қырағылықты арттыруға бағытталған білім беру семинары өтті.
Іс-шара жол картасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылып, неврологтар, терапевттер және реаниматолог дәрігерлердің кәсіби құзыреттерін кеңейтуге, сондай-ақ медициналық көмек көрсету жүйесіндегі пәнаралық өзара іс-қимылды жетілдіруге бағытталды.
Семинар ауыр нейробұлшықеттік және инфекциялық аурулары бар пациенттерді жүргізудің заманауи диагностикалық алгоритмдері мен клиникалық хаттамалары бойынша білімін тереңдетуді көздеген мамандарды біріктірді.
Семинар барысында жетекші сарапшылар сөз сөйледі:
- Саржанова С.М., жоғары санатты дәрігер, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас штаттан тыс ересектер неврологы, миастения грависті диагностикалау және емдеудің қазіргі тәсілдері туралы, оның ішінде ауру ауырлығын бағалау қағидаттары, пациенттерді жүргізу ерекшеліктері және ерте терапияның маңыздылығы жөнінде баяндама жасады.
- Цой Р.Т., невролог дәрігер, PhD, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың жүйке аурулары кафедрасының ассистент-профессоры, менингококкты инфекцияның клиникалық диагностикасы, шұғыл медициналық көмек алгоритмдері және ауыр нейроинфекциялық асқынулары бар пациенттерді пәнаралық жүргізу стратегиясы мәселелерін қарастырды.
Баяндамалар клиникалық мысалдармен, диагностика мен емдеудің өзекті хаттамаларын талқылаумен, сондай-ақ өмірге қауіп төндіретін жағдайларды ерте анықтауға қатысты практикалық аспектілерді қарастырумен сүйемелденді.
Іс-шараға қатысушылар ұсынылған материалдардың практикалық маңыздылығын, сараптамалық баяндамалардың жоғары деңгейін және Алматы қаласында медициналық көмектің сапасын арттыру үшін мұндай білім беру бастамаларының қажеттілігін атап өтті.
Мамандардың құзыреттерін дамытуға және заманауи клиникалық тәсілдерді енгізуге бағытталған білім беру іс-шараларын өткізу — университеттің 95 жылдығына арналған медициналық білім мен практикалық денсаулық сақтауды дамыту стратегиясын іске асыру аясында неврология кафедрасының қызметінің негізгі бағыттарының бірі.









