Амангелді Дүйсекеевтің әріптестері дәрігер жайлы естеліктермен бөлісті
Алматы қаласында Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде «Қазіргі заманғы денсаулық сақтауды дамытудың жаһандық үрдістері» атты конференция басталды. Ол Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері және көрнекті дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор Дүйсекеев Амангелді Дүйсекеұлының 80 жылдығына арналды.
Конференцияға Амангелді Дүйсекеұлының Василий Девятко, Тілеуберді Жансеңгіров, Нина Каюпова, Қадыр Омаров, Гүлшара Урмурзина, Еркін Дүрімбетов, Сәбит Пазылов, Мария Каманова, Валерьян Евдаков бастаған әріптестері мен серіктестері белсенді қатысты. Олар профессордың қазақстандық денсаулық сақтау ісін дамытуға қосқан зор үлесі туралы естеліктерімен бөлісті.
«Ол көп мәселелерді өз мойнына алудан қорықпай жұмыс жасады. Ол кездері дәрігерлер еңбек ақыны жарты жылда бір рет алған. Амангелді Дүйсекеұлы барлық өңірлерде дәрігерлердің кадрлық құрамын сақтау үшін үлкен күш жұмсады. Ол қызмет атқарған кезеңмен Қазақстанның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына кіруі, алынатын гуманитарлық көмекті оңтайландыру тұспа-тұс келді. Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасын басқара отырып, ол материалдық-техникалық базаны нығайтты, мамандарды даярлай алды, бұл халықтың денсаулығы мен демографиялық көрсеткіштерді жақсартуға мүмкіндік жасады, – деп бөлісті Қазақстанның бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Василий Девятко.
Василий Девятко Амангелді Дүйсекеевтің өмірбаянының көпшілік біле бермейтін сәттерімен бөлісті. Ол 1974 жылы Алматы қаласындағы №1 қалалық балалар клиникалық ауруханасының бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді.
«Бұл ауруханада ол Камал Саруарұлы Ормантаевпен бірге жұмыс істеді. Оның басшылығымен Амангелді Дүйсекеев кандидаттық диссертациясын тамаша қорғады, оның алғашқы шәкірті болды», – дейді Василий Девятко.
Көрнекті ұйымдастырушының таланты Алматы қалалық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі лауазымында ашылды. Ол ДДҰ мен ЮНИСЕФ-ті, Алматы конференциясын басшылыққа ала отырып, ең алдымен МСАК нысандарын дамытуды, ана мен бала денсаулығын нығайту объектілерін жетілдіруді назарға алды. Оның басшылығымен көптеген емханалар ашылды, алғаш рет дәрігерлік амбулаториялар, балалар хирургиясы орталықтары, КСРО-да алғашқылардың бірі болып Аймақтық диагностикалық орталық ашылды.
Қазақ ұлттық медицина университетінде 2009 жылдан бастап 2015 жылға дейін атқарған қызметі Амангелді Дүйсекеұлының еңбек жолындағы соңғы кезең болды.
«Амангелді Дүйсекеұлы бұл қызметіне барлық жинақтаған тәжірибесін, өмірлік даналығын, қажымас энергиясын және адамдарға деген сүйіспеншілігін арнады. Ол профессорлармен де, студенттермен де бірдей оңай тіл табыса білетін. Ол оқу-білім беру процесін реформалауға белсенді қатысты, әлемнің басқа университеттерімен және өңірлердің денсаулық сақтау басшыларымен байланыс орнатты. Түлектерге зор ықылас танытып, олардан көмегін аямады – деп бөлісті В.Девятко.
Ол Амангелді Дүйсекеұлының өмірінің соңғы күндері туралы айтып берді.
«Ол өзі сырқат жұмысқа әрең келіп жүрді. Маған оқытушылардың, студенттердің жүздерін көру маңызды, бұл маған дәрі-дәрмектерден гөрі жақсы көмектеседі дейтін өзі. Өкінішке орай, ол кезде оны құтқара алмады. Дегенмен, ағзаларды трансплантациялау сияқты операциялық әдісті ұсынды. «Мен өз денсаулығымды басқалардың есебінен жақсартқым келмейді» – деді ол. Профессор Ежелгі Шығыс даналығының өсиеттерімен сүрді.
Амангелді Дүйсекеұлының кіші Отаны Қызылорда облысының Қазалы қаласында оның есімімен көше аталған. Біз оның есімін Алматы қаласындағы көшелерге беруді сұрадық. Амангелді Дүйсекеұлының есімін мәңгілікке ұлықтау туралы мәселе жуық арада шешілуі қажет деп ойлаймын», – деп түйіндеді өз сөзін В. Девятко.
Амангелді Дүйсекеев – республиканың денсаулық сақтау саласын дамытуға зор үлес қосқан кесек тұлға, аңыз адам, медицинаның алтын қоры, денсаулық сақтаудың көрнекті ұйымдастырушысы, медицина ғылымдарының докторы, профессор. Ол 2015 жылдың 4 тамызында дүниеден озды. Өз еңбек жолында Алматы қалалық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы, Қазақстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары және бірінші орынбасары, Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. Екі рет Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Өмірінің соңғы жылдарында ҚазҰМУ-дың дипломнан кейінгі білім беру және өңіраралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры болды.
Дүйсекеев Амангелді Дүйсекеұлының еңбегі мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталған, ҚР Президентінің 2002 жылғы 12 желтоқсандағы Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы, «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау үздігі» медалі (1996 ж.), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтойлық медалі (2001 ж.), «Қазақстан денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» медалі, мадақтамалар табысталды, бірнеше рет алғыстар жарияланды, сыйлықтармен марапатталды.
Амангелді Дүйсекеұлы сүйікті кәсібіне жанқиярлықпен берілген көрнекті дәрігер. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы қиын-қыстау жылдарында оның күш-жігерінің арқасында Батыс елдерінің емханаларымен байланыстар орнатылды, жаңа технологиялар енгізілді, сонымен қатар қазақстандық дәрігерлер шетелде білім алуға мүмкіндік алды. Ол Алматы облысына ең үздік мамандарды тарта отырып, өңірлік денсаулық сақтау ұйымдарының мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашты. Оның көрсеткен үлгі өнегесі жас мамандарды әрдайым ынталандырып, жаңа жетістіктерге жетелей береді.
Пандемия кезінде бізді оның даналығы құтқарды – Амангелді Дүйсекеев туралы естеліктер
Алматы қаласында Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде «Қазіргі заманғы денсаулық сақтауды дамытудың жаһандық үрдістері» атты конференция басталды. Ол Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері және көрнекті дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор Дүйсекеев Амангелді Дүйсекеұлының 80 жылдығына арналды.
Конференцияға Амангелді Дүйсекеұлының Василий Девятко, Тілеуберді Жансеңгіров, Нина Каюпова, Қадыр Омаров, Гүлшара Урмурзина, Еркін Дүрімбетов, Сәбит Пазылов, Мария Каманова, Валерьян Евдаков бастаған әріптестері мен серіктестері белсенді қатысты. Олар профессордың қазақстандық денсаулық сақтау ісін дамытуға қосқан зор үлесі туралы естеліктерімен бөлісті.
Жоғары санатты Қоғамдық денсаулық сақтаудың ұйымдастырушысы Тілеуберді Жансеңгіров Амангелді Дүйсекеевтің 1997-2007 жылдар аралығында Алматы облысының Денсаулық сақтау басшысы ретінде қызмет кезеңі туралы айтып берді. Оның айтуына қарағанда, сол кездерде Алматы облысы материалдық базасы әлсіз өңір бола тұрып, толығымен қаржыландырусыз қалған. Бұл ретте ауруханаларды жабу арқылы оңтайландыру туралы ұсыныстар да айтылды. Осы орайда Жансеңгіров Амангелді Дүйсекеев қабылдаған өңірді дамыту жөніндегі шаралар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
«Оның талантының, Денсаулық сақтау министрлігінің арқасында біз осының бәрін қорғап, сақтай алдық. Ол Талдықорған қаласында жұқпалы аурулар ауруханасын ашуды талап етті. Біз оның коронавирустық пандемия кезіндегі көрегендігін көрдік және соның арқасында аман қалдық. Оның талабы бойынша кардиохирургиялық орталық ашылды, қазір барлық операцияларды облыста жасаймыз. Диагностикалық орталық ашылды – 2002 жылға дейін облыс аумағында бірде-бір компьютерлік томограф болған емес.
Амангелді Дүйсекеев Алматы облыстық ауруханасының базасында телемедицина орталығының ашылуын талап етті. Алғаш жұмыс 2003 жылдан басталды.
2004 жылға дейін бірде-бір гемодиализ аппараты болған емес. Науқастарды Алматы қаласына апарды. Көп адамдарға үйлерін сатуға тура келді, қыруар ақша кетті. Амангелді Дүйсекеұлы облыстық ауруханада аппараттарды орнатуды қамтамасыз етті. Қазіргі таңда Жетісу облысында 7 гемодиализ орталығы, 65 аппарат бар. Мұны бәрі біле бермейді. Қазір 500 науқас үнемі сол жерде демеуші ем қабылдайды. Ол мемлекеттік тұрғыда ойлады, проблемаларды жақсы түсінді», – деді ол.
Амагелді Дүйсекеев ҒЗИ-дан мамандармен, жабдықтармен, құзыреттерді жетілдірудің көшпелі циклдарымен қолдау алу үшін өзінің беделі мен байланысын жұмылдырды. Оның күшімен Талдықорғанда алғашқы эндоскопиялық операция ұйымдастырылды.
«Оның тұсында 300 төсектік көпсалалы аурухана құрылысы басталды. Ол кезде оның құны 10 миллиард теңге болатын. Еңбекшіқазақ, Талғар ауданында оның әзірлеген құжаттарымен ауруханалар салынды. Амангелді Дүйсекеұлы мемлекеттік тұрғыдан ойлады. Ол барлығы халық игілігі үшін жасалып жатқанын түсінді. Ол бәрін сақтап қалды, көбейтті, бұрынғыдан да жақсарта түсті. Қазір біз Амангелді Дүйсекеұлының салған негізді қолданып жатырмыз, – деп бөлісті Тілеуберді Жансеңгіров.