Анатомия ғылымын алға сүйреген азамат
Ұлы ғалым, ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл»,– деген қанатты сөзін ҚР ДСМ жанындағы Терминологиялық комиссияның мүшесі және С.Ж.Асфендияров ат. ҚазҰМУ Терминологиялық комиссиясы төрағасының орынбасары, ҚР ЖОО-лар қауымдастығының А.Байтұрсынұлы атындағы күміс медалінің, С.Ж.Асфендияров ат. ҚазҰМУ «Еңбек ардагері» төсбелгісі мен Алтын медалінің иегері Шәкенов Бауыржан Шәкенұлын 70 жылдық мерейтойымен құттықтар алдында қолдануымыздың себебі, ол қазақ тілінің дамуына атсалысып жүрген азамат. Тіл – ұлттың жаны, бүгіні мен болашағы. Тіл күнделікті қарым-қатынаста ғана емес, саясатта да, мәдени өмірімізде де, ғылымда да кеңінен қолданылғанда ғана шын мәнінде өмір сүре алады және ұлтты сақтайды. Тілі бай елдің ғылымы да дамиды.
Қазақ тілі әсіресе КСРО деп аталатын империяның кезінде құрып кетудің аз-ақ алдында болды. Сол кездегі Қазақстан астанасы болған Алматы қаласындағы №12 жалғыз қазақ мектебін бітірген Бауыржан Шәкенұлы ұлт тілінің уызына қанып өсті. Еліміз тәуелсіздік алып медицина ғылымы да қазақ тілінде оқытыла бастаған кезде анатомия ғылымының қазақ тілінде дамуына зор үлес қосқан адамдардың бірі – Бауыржан Шәкенұлы болды. Кез келген ғылым саласын оқыту үшін, ең бірінші сол ғылым саласына қатысты терминдер жүйесі болуы керек. Өзінің мамандығын терең білуімен қатар, лингивистикалық білімі де мол адам ғана термин қалыптастыра алады. Медициналық білімді орыс тілінде алса да, отбасында, мектепте білім негізі қазақ тілінде қалыптасқан, қазақы тәрбие алған Бауыржан Шәкенұлы қазақтың бай тілін медициналық терминдер жасау кезінде кеңінен қолданып жүр. Ұлт тілінде жасалған терминнің ұлт тілінде білім алушы үшін де, емделуші үшін де түсінікті болатыны белгілі, әрі оқуға, жазуға жеңіл болады. Міне сондықтан да термин жасауда әр тіл өзінің ішкі мүмкіндігін барынша сарқа пайдалануы тиіс. Сөз тудырмаған тіл өледі. Қоғамның, ғылымның дамуымен қатар тілдің сөз тудыру қабілеті де дамып отырады. Мысалы, бұрын қазақ тілінде оқу сөзі болғанымен оқулық, оқушы, оқытушы сияқты сөздер болған жоқ еді. Бұлар заман қажеттілігінен тілдегі сөз тудырушы жұрнақтар арқылы жасалған сөздер. Медициналық терминдерді қалыптастырушылар мұндай тәсілдерді барынша пайдаланып жүр.
Қазақ тілінде адамның жасын білдіруге байланысты қолданылатын сөздер өте көп. Мысалы, нәресте, сәби, бөпе, шақалақ, балдырған, бүлдіршін, бала, бозбала, бойжеткен, жасөспірім, жігіт, жігіт ағасы, ересек, егде, қарт, кәрі сияқты сөздерді нақты термин ретінде қолдануды Бауыржан Шәкенұлы көптен бері көтеріп жүр. Әрине, мұндай сөздер терминологиялық комиссяның талқылауынан өтіп, жан-жақты сараланып барып қабылдануы тиіс.
Қазақ тілінде терминдік сөз тіркестері орыс тілінің үлгісі бойынша жасалып жүргені өтірік емес. Олардың қазақ тіліндегі сөздердің орын тәртібіне сай емес екендігін Бауыржан Шәкенұлы терминнің латын тіліндегі нұсқасымен салыстыру арқылы дәлелдеп жүр. Мысалы, Arteria cerebri anterior – передняя мозговая артерия – алдыңғы ми артериясы; Arteria cerebri media – средняя мозговая артерия – ортаңғы ми артериясы; Arteria cerebri posterior – задняя мозговая артерия – артқы ми артериясы болып қолданылып жүрген терминдік сөз тіркестері үлкен мидың алдыңғы артериясы; үлкен мидың ортаңғы артериясы және үлкен мидың артқы артериясы болып аударылуы керек деп өте дұрыс айтып жүр. Бұл Баукеңнің қазақ тіліндегі сөздердің орын тәртібі туралы түсінігі өте жоғары екенін көрсетеді.
Кемеліне келіп, жетпіс деген асудың желкесіне шыққан Бауыржан Шәкенұлы салиқалы ойларын ортаға салудан жалыққан емес. Ғалымдық пен ұстаздыққа қатар алып жүрген Баукеңе ұзақ өмір, зор денсаулық, шығармашылық шабыт тілейміз. Бауыржан Шәкенұлы медицина ғылымының қазақ тілінде дамуына әлі де үлесін қоса беретініне, ұлт тілінде білім алып жатқан шәкірттері қазақ медицина ғылымын бұдан да жоғары биіктерге шығаратынына сеніміміз мол. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген тәмсіл Бауыржан Шәкенұлы сияқты ұстаздарға қарап айтылған деп есептейміз.
С.Ж.Асфендияров ат. ҚазҰМУ Терминологиялық комиссиясының атынан Тілдік пәндер кафедрасының доценті, ҚР Терминологиялық комиссиясының және ҚазҰМУ Терминологиялық комиссиясының мүшесі Т.Қ.Зайсанбаев.