Астанада өткен Республикалық Жастар Форумына УСҮ төрағасы Солтанай Жәнібек қатысты
2016 жылдың 29 қараша мен 1 желтоқсан аралығында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрілігінің ұйымдастыруымен Астана қаласында «Республикалық Жастар Форумы» өтті. Форумға Қазақстанның барлық облыстары мен қалаларынан 700-ге жуық делегаттар қатысты. Форумның басты мақсаты: Қазақстан жастары арасындағы қарым-қатынасты барлық салаларда нығайту және тәжірибе алмасу болып табылады. Аталған форумға делегат болып «Университеттің Студенттік Үкіметінің» төрағасы, «жалпы медицина» факультетінің 3-курс студенті Солтанай Жәнібек қатысты.
Форумның алғашқы күні, республика жастары арасында боулинг және үстел теннисінен жарыс өтіп, Алматы жастары боулингтен І орынды қанжығаларына байлап, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың қолынан кубок және арнайы дипломмен марапатталды.
Форумның 2-ші күні, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінде 7 секция бойынша әртүрлі тақырыптарда дискуссия алаңдары құрылды. Солтанай Жәнібек «ХХІ ғасыр аурулары» атты алаңға қатысты. Модераторлар:ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Е.А.Біртанов, Ұлттық салауатты өмір салтың қалыптастыру орталығының директоры Ж.Е.Баттақова, Ұлттық волонтерлік желі жетекшісі В.Н.Ким болды. Солтанай Жәнібек университет студенттерінің осы мәселелер бойынша атқарып жатқан жұмыстарын жеткізді. Дискуссия соңында, барлық ойларды қорытындылап, ҚР Үкіметіне жолданатын резолюциялар қабылданды.
Дискуссиялық алаңдардан соң, жастар Астана қаласы әкімі Ә.Исекешовтың Тәуелсіздік сарайында ұйымдастырған мерекелік дастарханында бас қосты. Іс-шара Қазақ Ұлттық Өнер Университеті ұжымы мен ҚР эстрада жұлдыздарының қатысуымен, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мерекелік концертпен жалғасты.
Форумның 3-ші күні, «Тұнғыш Президент күніне» орай Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жастармен кездесуі өтті. Кездесу барысында, әртүрлі салаларда еңбек етіп жүрген жастар Елбасымен өз жетістіктерімен бөлісті. Мемлекет басшысы, жастарға үлкен үміт артып отырғанын және болашақта бұдан да биік жетістіктерге жететіндеріне сенім артты.
Форумның қорытындысы ретінде, жастар ҚР Премьер-министірінің орынбасары Иманғали Тасмағанбетов және министрлермен кездесті. Дискуссия алаңдарында қабылданған резолюциялар премьер-министр орынбасарына жеткізіліп, мақұлданды. Кездесу барысында, министрлер жастардың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап беріп, өзекті мәселелерді талқылады.
Республикалық Жастар Форумы Қазақстан жастарына тың идеялар мен жаңа серпін берді.