Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың бұрынғы ректоры Айқан Ақанов қайтыс болды
С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың бұрынғы ректоры Айқан Ақанов қайтыс болды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі жоғары оқу орнының баспасөз қызметінің өкілдеріне сілтеме жасап. Оның бүгін, 30 мамырда қайтыс болғаны хабарланып отыр.
Ақанов 65 жасында дүниеден озды. Ол жоғары оқу орнын 2008-2016 жылдар аралығында басқарды. Еске салайық, биыл ақпан айында Мемлекет басшысының Өкімімен Айқан Ақанұлы АқановС.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ректоры қызметінен босатылған еді.
Айқан Ақанұлы Ақанов – 1951 жылы 28 мамырда Семей облысы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы), Көкпекті ауданы Үлгілі малшы ауылында дүниеге келген. 1972 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын (қазіргі Қазақ ұлттық медицина универститеті) және 1984 жылы Алматы шет тілдері институтын (қазіргі Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті) бітірген. Медицина ғылымының докторы (1994), профессор (1994), ҚР Валеология академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
1972-1978 жылдары Алматы облысы Текелі қаласында, Кеген ауданында дәрігер. 1978-1994 жылдары Кардиология ғылыми-зерттеу инститында кіші, аға ғылыми қызметкер, бөлім жетекшісі. 1994-1995 жылдары ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ғылыми орталығы директорының орынбасары, 1995-1996 жылдары басқарма бастығы, 1996-1997 жылдары бөлім меңгерушісінің орынбасары, 1997, 2004 жылдары ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің вице-министрі. 2008 жылдан бастап С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры. «Эпидемиология, профилактика основных хронических инфекционных заболеваний среди сельских жителей Казахстана» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. 250-ден астам ғылыми жарияланымның авторы.