«Ауылға жұмысқа барған әрбір жас дәрігер 10 миллион теңгеден алады» депутат Асхат Аймағамбетов Алматы қаласының медициналық қауымдастығымен кездесті
Осыдан бірер күн бұрын елімізде Қазақстан Республикасы Мәжілісі депутаттарының өңірлерге жұмыс сапарлары басталды. Жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Мәжілісінің «Аманат» фракциясынан сайланған депутаты, VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде еліміздің ең ірі мегаполисінің медицина қауымдастығымен кездесті.
Жиынға «АМАНАТ» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Канкуров Станислав Владимирович, Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Шәметеков Иран Маратұлы, қалалық және аудандық денсаулық сақтау ұйымдарының, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшылары, жеке медициналық ұйымдар, фармацевтикалық бизнес, дәрігерлер және денсаулық сақтауды ұйымдастырушылар қатысты.
Кездесу барысында Асхат Аймағамбетов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көрсетілетін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы мәселелеріне тоқталды. Депутат МӘМС жүйесін тиімділігін арттыру және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін жаңғырту қажеттігін алға тартты. Сонымен қатар Асхат Аймағамбетов сақтандыру пакеттерін, атап айтқанда, МӘМС пен ТМККК саралаудың маңыздылығын атап өтті.
Медициналық қызметтердің қолжетімділігін «қазір және осында» қағидаты бойынша қамтамасыз ету қажет. Осыған байланысты, көрсетілген қызметтен кейінгі төлемге көшуді қамтамасыз ете отырып, жоспарланған ай сайынғы қаржыландырудан бас тарту ұсынылады. Сондай-ақ, дәрігерлер арасында түсінбеушілік пен қаржы ресурстарының ағынын болдырмау үшін МӘМС және ТМККК пакеттері есебінен көрсетілетін медициналық қызмет түрлерін нақтылау қажет», – деп атап өтті депутат.
Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, жүргізілген талдаулар қаржыландыруды жоспарлаумен байланысты проблемалардың бар екенін көрсетеді. Мәселен, өзекті салаларда (консультациялық-диагностикалық қызметтер) қаржыландырудың жетіспеушілігі көбінесе басқа салаларда (кәсіби тексерулер, скринингтер және т.б.) қаражаттың игерілмеуімен қатар жүреді, яғни, саланы қаржыландырумен байланысты мәселелердің бір бөлігін ішкі ресурстар есебінен, атап айтқанда ұтымды және негізді жоспарлау арқылы шешуге болады.
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов биылғы күзде Мәжілісте міндетті медициналық сақтандыру жүйесі мәселелері бойынша парламенттік тыңдау өтетінін айтты.
«Бүгінде денсаулық сақтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бірақ МӘМС жүйесінің тиімділігін арттыруымыз қажет. Азаматтар медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі артқанын сезінуі, түсінуі қажет, өйткені олар төлемақы төлейді. Бұл жүйеге қосымша реформа қажет деген сөз», – деді А.Аймағамбетов.
Сондай-ақ аталмыш кездесуде медицина қызметкерлеріне жүктемені азайту мақсатында медициналық ақпараттық жүйелердің бөлшектенуін жою мәселелері талқыланды. А.Аймағамбетов денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін іске қосу жұмыстарын аяқтау да аса маңызды екенін атап өтті.
Бұл мәселені шешу үшін бүгінгі күні Е-Денсаулық бірыңғай ақпараттық-технологиялық платформасы шеңберінде денсаулық сақтау жүйесін толық цифрландыру, оның ішінде медициналық көмекті жоспарлау, сатып алу, мониторингілеу және төлем процестерін цифрландыру бойынша жұмыс жүргізілуде, оның қорытындысы бойынша МӘМС қаржыландыру жүйесі жетілдірілетін болады. Бірыңғай деректер қоймасын іске қосу және медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйелерімен толық шоғырлана отырып, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (қордың) медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесін өнеркәсіптік пайдалануға енгізу жоспарлануда.
Бұл ретте цифрландыру дербестендірілген қаржылық есеп және медициналық қызметтерді тұтынушылардың виртуалды шоттарындағы қаражат қозғалысын қадағалау қағидаты негізінде жүзеге асырылатын болады. Бұл цифрлық (мобильді) құралдарды (SMS, QR растаулары) пайдалана отырып, дәрігердің қабылдауын растау үшін жеке тексеру механизмін енгізуге мүмкіндік береді.
Кездесу барысында тарифтерді белгілеу әдіснамасын және сақтандырылушының мәртебесін қайта қарау мәселелері де қозғалды. Сонымен, МӘМС басталған күннен бастап 12 ай ішінде жарна болған жағдайда сақтанушының мәртебесін анықтау ұсынылады.
Алматыдағы №16 қалалық емхананың бас дәрігері Ұлықбек Медеубеков МӘМС ережелері мен заңнамасындағы кейбір қайшылықтарды, атап айтқанда, кейбір скрининг бойынша медициналық қызметтердің әртүрлі медициналық көмек топтарына жататынын айтты.
«Дегенмен кейбір медициналық тексеру қызметтері ТМККК енгізілген, ал кейбір талдаулар мен зерттеулер бұл тізімге жатпайды. Ал бұл скринингтен біреу өте алады, ал біреу МӘМС сақтандыру болмаса өте алмайды екен. Сондай-ақ, заңнамада шетелдіктер Қазақстан азаматтарымен бірдей құқықтары бар және медициналық қызметтің бірдей көлемі қарастырылған, бірақ олар МӘМС-те сақтандырылуы қажет делінген, дегемен нормаларда шетелдік азаматтарды сақтандыру алгоритмі әлі әзірленбеген», – деді Медеубеков.
Сондай-ақ, Асхат Аймағамбетов ауылдағы медицина кадрларының тапшылығын азайту мәселесін көтерді.
«Қазір ауылға жұмыс істеуге келетін дәрігерлердің көтерме ақысын 10 миллион теңгеге дейін көтеру мәселесі шешілу сатысында», – деді депутат.
Кездесуде медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру мәселелері де талқыланды. Атап айтқанда, 2023 жылдан бастап сақтандыру жұмыс берушінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады, ал 2025 жылдан бастап сақтандыру сыйақы сомасы медициналық ұйым мен медицина қызметкері арасында ортақ жауапкершілікті жасау үшін бөлінеді. Депутат Асхат Аймағамбетов дәрігерлердің өзін бұл ауыртпалықтан босатып, сақтандыру жарнасын тек медициналық ұйымдарға салуды ұсынды.
ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов медицина мамандарының кәсіби жауапкершілігін сақтандырудың жаңа тұжырымдамасын іске қосудың бірінші кезеңінде қаржылық шығындарды медициналық ұйымға жүктеу дұрыс болады деп атап өтті. Бірақ кейіннен дәрігерлердің өздері қаржылық жауапкершілікті біртіндеп көтеруі қажет, сонымен қатар Қазақстанның жетекші медициналық университеті ректорының пікірінше, бұл жұмысқа бейіндік қауысдастықтар да тартылуы қажет.
«Бұл орайда кәсіби қауымдастық өте маңызды рөл атқаруы қажет, олар сақтандыру жағдайы болған жағдайда маманды түсінуі қажет, біліктілігін арттырудың жеке жоспары әзірленуі қажет, ол қай қырынан біліктілігін арттыру қажет, ол нәтижесін дәлелдеу қажет және содан кейін оны дәрігерлік тәжірибеге жіберуге рұқсат берілуі қажет», – деді С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры.
Сонымен қатар Марат Шоранов білім гранттарын бөлу жүйесін қайта қарау қажеттігін атап өтті. Қазір тек ҚазҰМУ-да фармацевтикалық өндіріс мамандығына 600-ге жуық грант бөлінеді. Бұл ретте жалпы медицинаға бөлінетін гранттар саны 3 есе аз – небәрі 200. Болашақ хирург, анестезиолог және акушерлердің 75 пайызы ақылы негізде оқуға мәжбүр, яғни бұл түлектерді ауылдық жерлерге жіберу өте қиын болады – деді ҚазҰМУ ректоры.
«Иә, отандық фармация өндірісін ұлғайту туралы нұсқау барын түсінеміз. Бірақ біздің деректер бойынша 4% фармация өндірісінде жұмыс істейді, бір бөлігі қайта кеткені белгісіз, ал 94% дәріханалар желісінде жұмыс істейді. Ал, жалпы медицина бойынша студенттер ақылы негізде оқуға мәжбүр, 75 пайызы ақылы негізде оқиды. Бұл біз ешқашан ауылға жібере алмайтын мамандар, 10 миллионнан қандай ынталандыру жасасақ та олар бармайды, оларға ауылға жолдама бере алмаймыз. Менің ойымша, бұл жерде бөлу тактикасын өзгерту қажет», – деп баса айтты Марат Шоранов.
Ключевые слова:
https://news kaznmu edu kz/kaz/ауылға-жұмысқа-барған-әрбір-жас-дәрі/