«Ақсай» ауруханасының аянышты хәлге түсуінің себебі анықталды
Еңбектерін адал атқармаған ақ халатты мамандық иелеріне енді қатаң қадағалау жасалмақ. Тіптен «Ақсай» республикалық клиникалық балалар ауруханасының бүйрек аурулары бөлімі жабылуы мүмкін. Оған себеп санитарлық және сейсмикалық жағдайының сын көтермеуі. Ауруханадағы адам төзгісіз жағдай туралы өткен аптада емделуші балалардың ата-аналары айтқан, біз тартынбай ұсындық көрерменге. Міне, енді мәселе бірден реттеліп, ауру бүлдіршіндер дені дұрыс бөлімге ауыстырылған. Ал, ескі-құсқы бөлім алдағы айдан бастап жұмысын тоқтатады, деп хабарлайды «Алматы» телеарнасы.
Бұл санитарлық жағдайы жаға ұстатады деп шырылдаған ата-аналардың шағымына арқау болған бөлім. Шынымен де, аурухана деген аты болмаса, қабырғасы қақырап, едендері тозып біткен. Мамандардың пікірінше, бөлімнің ескіргені былай тұрсын, бірнеше балдық жер сілкінісіне төтеп бере алмауы әбден мүмкін.
Ата-аналар түсіріп жіберген едені жұлым-жұлым, палатасы мұнда жоқ. Мекеме қызметкерлері бірнеше күннің ішінде жыртық жердің бетін жауып үлгерген. Ал, қисыны кетіп, қираған керегені жұмысшылар жөндеп жатыр. Ең қорқыныштысы қабырға мен төбенің арасы бір-бірінен ажырап кеткен. Арнамызға хабарласқан Әсел Асқарбекова ұлы 5 жасар Асылмен күні кешеге дейін тозған палатада жатуға мәжбүр болған-ды. Олар өзі іспетті 16 баламен бірге басқа бөлімге ауыстырылды. Қалған 9 бүлдіршіннің ауруы көшті көтере алмайтындықтан, ескі бөлімде жатыр.
«Келесі жолы балам жалғыз жататын болған соң мен қорқамын. Мұндай жерде мен баламды қалай жалғыз тастаймын. Ойын болмесі де нашар, көк иіс бар. Біз жатқан бөлімде.жуынатын жерде де дәретхана да бір болды»,- деді тұрғын Әсел АСҚАРБЕКОВА.
Аурухана ХХ ғасырдың 60-шы жылдары салынған. Мекеме 1985 жылға дейін жөндеу жұмыстарынан тұрақты өтіп келген. Одан кейінгі 28 жыл бойы биліктің назарынан тыс қалған. Яғни, жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінбей келген. Орталық 2013 жылы Алматыдағы Қазақ ұлттық медициналық университеттің құзырына өтіп, қайта жөндеу жұмыстары басталыпты. Бүгінге дейін Университет қазынасынан 1,5 млрд теңге көлеміндегі қаражат жұмсалған. Оның 1 миллиарды 28 жыл бойы төленбеген коммуналдық қарызды жапқан. Жұрттың жанайқайы мен бөлімнің бүгінгі жағдайын сарапқа салған басшылар бірнеше сағат бұрын оны жабуға шешім қабылдаған.
Осыдан үш жыл бұрын жабылуға шақ қалған аурухананың бұл бүгінгі беті бері қараған күйі. Әлеуметтік көмекке зәру мекеменің өткен жылғы табысы 1 млрд 85 миллион теңгеге жеткен. Оның 586 миллионы дәрігерлердің жалақысына жұмсалыпты. Аурухана бүгінгі тозған күннің өзінде жылына 2 мың ота жасап, 7,5 мың балаға медициналық көмек көрсетуде. Аурухана басшылығы болса, еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінен әлі күнге дейін түймедей көмек көрмедік, тіптен өтінішімізді елемейді деп кейиді.