«Ақсай» балалар ауруханасы жөнделді
Жағымды жаңалық! «Ақсай» Республикалық клиникалық балалар емханасының бүйрек аурулары бөлімі туралы біраз уақыт бұрын айтқан болатынбыз. Ақпараттық еңбек елеусіз қалмады. Бөлімнің мүшкіл жағдайын көрген қайырымды жандар қол ұшын созыпты. Нәтижесінде, еліміз үшін өте маңызды бүйрек аурулары бөлімі жабылмайтын болды. Емхананың бүгінгі жағдайы мен қайырымдылардың ісі туралы тілші Аршын Кемелжанның бейнематериалында.
Бұл «Ақсай» Республикалық клиникалық балалар ауруханасының бүгінгі келбеті. Жыртықтары жамалып, палаталары ретке келтірілген. Естеріңізде болса, бірнеше ай бұрын емхананың бүйрек аурулары бөліміндегі жағдай адам шошырлық болатын. Тіпті, бөлімді жабу туралы шешім шығарылған еді. Бірақ бәрі басқаша аяқталды.
Қыркүйек айында біздің арнаның назары Алматыдағы «Ақсай» Республикалық клиникалық балалар ауруханасының жан түршігерлік жағдайына ауған-ды. Емханадағы бүйрек аурулар бөлімінің күйі кетіп, қабырғаларып қақырап, шынылары шытынап кеткен еді. Қаржы қолбайлау болғандықтан, 1985 жылдан бері жөндеу көрмеген екен. Айттық, жаздық, құзырлы орындардан жауап алдық. Жауаптылар бөлімді амалсыздан жабатынын айтты. Бұл ақпарды естіген жомарт жандар бірігіп, бөлімді сақтап қалу үшін демалыссыз жұмыс жасапты.
«Мен мұндағы балалардың жағдайы мен бөлімнің қирап жатқанын көріп, бірден іске кірістім. Таныстарыма хабарласып, қажетті көмек жинадым. Әрине, қаржылай жағынан көмек көрсетуге жағдай келмеді. Бірақ мұндағы балалар үшін ойыншықтар мен қажетті заттар әкеп бердік. Мен көмекті әлеуметтік желідегі достарымнан да сұрадым»,- деді ерікті Регина ТИМЧЕНКО.
Қайырымды жандар өз қолдарынан келгенше көмектескен. Бірі – балаларға ойыншықтар мен 30 мүгедек арбасын әкелсе, екінші топ – бөлімнің жөндеу жұмыстарын қолға алған. Емделуші бүлдіршіндердің игілігі үшін мектеп оқушылары да көмек көрсетіпті. Қираған бөлім екі айдың ішінде қайта қалпына келтірілді. Ол үшін 100-ден аса ерікті мен қаржылай қолдаушы ат салысқан.
«Сіздердің арналарыңыздан біздің емханадағы бүйрек аурулары бөлімінің жағдайы туралы материал көрсетілген соң, телефонға тыныштық болмады. Күніне 10-нан астам адам хабарласып, қандай көмек көрсету керек екенін сұрады. Кейбірі қаржылай көмек көрсете алмайтынын, алайда жөндеу жұмыстарын тегін жасап беретіндер айтты. Мектеп оқушылары мен балабақша қызметкерлері де көмек қолын созды»,- деді «Ақсай» Республикалық клиникалық балалар ауруханасының директоры Ирина БРЕЖНЕВА.
Қазір емханадағы бүйрек аурулары бөлімі жұмыс жасап тұр. Құрылғылар ескіріп, жарамсыз болғандықтан, бірқатар бүлдіршін басқа емханаға уақытша ауыстырылған. Қымбат қондырғылар алу үшін банктер мен кәсіпкерлерден қолдау көрсетілмек. Қазір мұнда 38 бала ем қабылдауда. 15-інің жағдайы ауыр. Үнемі ем мен бақылау керек. 9 бала бүйрек донорын күтуде. 4 бүлдіршінге сау бүйрек салынған.
Аршын Кемелжан, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы