«Ақсай» клиникасының дәрігері құлақсыз туған балаларға бірегей ота жасамақ
С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ «Ақсай» клиникасында жұмыс істейтін бет-жақ хирургі Нариман Сатылғанов биыл елімізде бірегей ота жасауды жоспарлап отыр. Бұл ота туа біткен микротиясы бар балаларға көмектеспек. Микротия – құлақ қалқанының дамымай қалуы немесе мүлде болмауы 8000-10 000 баланың арасында 1 балада кездеседі.
Маман атап өткендей, бұл Қазақстанда өте кең таралған патология.
«Қазақстанда осы диагнозбен туған балалар өте көп. Бірақ оларға ешқандай көмек көрсетілмейді. Мен олардың құлағына реконстуркциялық ота жасаймын. Құлақ қалқанын баланың өз қабырға етінен жасап беремін. Ота 6 сағатқа созылады. Бұндай оталар Америкада 100 мың доллар, Еуропада – 60-70 мың доллар тұрады. Бізде қажетті лицензиялар барлығы бар. Біздегі ота құны 14 мың АҚШ доллары болады», — дейді дәрігер.
Қазір микротия және атрезиясы бар балалар шетелде емделуге мәжбүр. 2018 жылғы деректер бойынша Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің шетелде емделу жөніндегі комиссиясының тізімінде 66 бала бар (https://www.facebook.com/MinzdravRK/videos/547494379042275). 2016-2018 жылдары аралығында 15 балаға ота жасалған. Қазақстанда осы патологиямен 600-ден астам бала бар.
Атрезиясы бар балаларға есту жолын жедел ашу жүргізіледі. Микротия кезінде дәрігерлер сыртқы құлағын қалпына келтіреді. Маман бұл операцияларды екі кезеңде жүргізуге болатындығын атап өтті. Нариман Сатылғанов атап өткендей, бұл техникалық тұрғыдан күрделі операция, мамандарды осы әдістеме бойынша оқыту Қазақстанда жүргізілмейді және төленбейді.
Сонымен қатар, «Микротия және есту жолының атрезиясы» диагнозы бар балалардың ата-аналары тарапынан балаларды емдеуге квоталарды ұлғайту туралы бірнеше рет өтініш келіп түскен болатын. 2018 жылы «Микротия және құлақ жолдары атрезиясы» диагнозы бар пациенттерді шетелге операцияға жіберу үшін республикалық бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлінген.
«Ақсай» балалар клиникасы – еліміздің бүлдіршіндері мен жасөспірімдеріне жоғары технологиялық, мамандандырылған және консультативтік-диагностикалық медициналық көмек көрсетіп келеді. Клиникада 2017-2020 жылдары аралығында 6000-нан астам операция жасалды, 18 мыңнан астам бала емделді, олардың 50% – ы ауылдық жерлердің тұрғындары.