Балалардың бауыр трансплантациясы – медицинадағы аса күрделі әрі бірегей оталардың бірі
«А.Н. Сызғанов ат. Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ-да балалар трансплантациясы бағдарламасы профессор Б.Б. Баймахановтың жетекшілігімен 2016 жылы басталған. Сол уақыттан бері бүгінгі таңға дейін Орталықта 45 балаға бауыр трансплантациясы жасалып, олар салауатты өмірге екінші мүмкіндік алды.
2023 жылғы 1 маусымда Орталық Балаларды қорғау күніне орай бауыр фрагментінің трансплантациясын өткерген балалармен кездесу өткізді. Осы кездесудің барысында кешенді тексеру бағдарламасы – check-up және бейінді мамандардың консультациялары жүргізілді.
Сонымен қатар осындай мерейлі мереке күні балалар мен олардың ата-аналарына қолдау таныту, көтеріңкі көңіл-күй, ұмытылмас әсер сыйлау мақсатында қызықты ойын-сауық бағдарламалары өткізілді.
Осындай іс-шараларды ұйымдастыру балалар денсаулығына қатысты мәселелерге Қоғамның назарын аударуға және өмір сапасын жақсарту жолындағы кішкентай науқастарымыз бен олардың ата-аналарының сырқатпен күрестегі айрықша батылдығын танытуға мүмкіндік береді.
Балаларды қорғау күні мерекесі құтты болсын!