Барлық жетістіктеріміз – еліміздің егемендігінің жемісі!
Дипломнан кейін білім беру факультетінің білім алушылары ҚазҰМУ-дің Жастар саясаты басқармасының қолдауымен ҚазҰМУ түлегі, Алматы қалалық кардиологиялық орталығының директоры, «Нұр Отан» партиясынан Алматы қалалық мәслихатының депутаты, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы кардиохирург А.Т. Қодасбаевпен «Тәуелсіздік жетістіктері» тақырыбында онлайн кездесу өткізді. Кездесу Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шаралар аясында, қазақстандықтардың Тәуелсіздік жылдарында медицина саласында жеткен жетістіктерін дәріптеу жобасы бойынша өтті.
Алмат Тұрысбекұлы білім алушылармен әңгіме барысында еңбек жолы туралы қысқаша баяндап берді. «1996 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін дәрігер-хирург мамандығы бойынша бітірдім. Интернатураны Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасында өтіп, 1997 жылдан бастап Іле аудандық ауруханасында дәрігер-хирург болып жұмыс істедім. 1998 жылы А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының үш жылдық аспирантурасына қабылдандым. Аспирантурада кардиохирургия мамандығы бойынша білімімді тереңдеттім. 2002 жылы, аспирантураны аяқтағаннан кейін диссертация қорғап, медицина ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болдым. Сол жылы А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының кардиохирургия бөліміне ғылыми қызметкер болып орналасып, 2011 жылы жетекші ғылыми қызметкер лауазымына ауыстырылдым. 2012 жылдың қараша айынан бастап осы орталықта кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі болдым. 2013 жылы наурыз айында Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының Қалалық кардиологиялық орталығының директоры қызметіне тағайындалып, осы күнге дейін сол жерде жұмысымды жалғастырудамын».
Сондай-ақ Алмат Тұрысбекұлы А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында қызмет істей жүріп, жеті ғылыми жобаға қатысқан, соның екеуін негізгі атқарушы болған. Осы ғылыми орталықта миокард инфарктісін емдеу кезінде бағаналы жасушаларды пайдалану және жүрек алмастыру оталарын жетілдіруде шеберлігін шыңдаған, сонымен бірге шетелдерде өткен көптеген ғылыми конференцияларға қатысып, тәжірибе жинақтаған. Дәрігер-ғалым мұндай мүмкіншіліктерге қол жеткізу еліміздің тәуелсіздік алуының нәтижесі деп санайды.
Алмат Тұрысбекұлы қазір өзі қызмет атқарып жатқан Қалалық кардиологиялық орталығының жұмысына да тоқтала кетті. «Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының Қалалық кардиологиялық орталығында ҚазҰМУ-дің көптеген кафедралары орналасқан. Соның бірі – кардиохирургия кафедрасы, мен сол кафедраның меңгерушісі міндетін де атқарамын. Бұл жерде істелетін жұмыстардың бәрі әлемдік деңгейде, жүрек аурулары бойынша қызмет көрсету әлемдік стандартқа сай. Орталықта ғылыми-практикалық конференциялар, шеберлік сабақтары шетелдік мамандардың қатысумен өтеді. Бұл жұмыстарға ҚазҰМУ-дің оқытушы-профессорлар құрамы үнемі атсалысып жүр. Орталықта жылына 18 мыңға жуық науқасқа жедел көмек көрсетіледі, 11 мың науқас жедел түрде орталыққа жатқызылып, сол жерде дәрігерлердің бақылауымен емделеді. Жылына 5 мың науқасқа жедел коронография жасалады. 1700 науқасқа стенд қойылды. 5 жыл бұрын жылына 180-200-дей науқасқа ашық жүрек оталары жасалса, қазіргі таңда мұның саны 700-800-ге жетті. Кардиология және кардиохирургия – өте күрделі сала, заман талабы қажет ететін мамандықтардың бірі. Сондықтан бұл салада жұмыс істегісі келетін интерндерді және резиденттерді Қалалық кардиологиялық орталыққа шақырамын. Оқып үйренемін деген, әртүрлі ота жасауға қатысамын деген білім алушыларға есік ашық. Бұл көрсеткіштер біздің орталықтың жемісті жұмысының нәтижесі әрі еліміз егемендік алғаннан бергі 30 жылдағы толағай табыстарының бірі деп есептеймін».
Кездесу барысында А. Қодасбаев білім алушылардың сұрақтарына жауап берді.
– Қалалық кардиологиялық орталықты басқарасыз, кафедра меңгерушісіз, күрделі ота жасау жұмыстары бар, онымен қоса қоғамдық жұмыс та атқарасыз, қалалық мәслихаттың депутатысыз, осы жұмыстардың барлығымен айналысуға қалай уақыт табасыз?
– Күнделікті жұмыс кестесін дұрыс жоспарлау керек, сонда бәріне үлгересіңдер. Қоғамдық жұмысқа біраз тоқтала кетейін, себебі өзімнің тікелей міндетіммен қатар қоғамдық ортаға да пайдамды тигізу азаматтық борышым деп санаймын. Сондықтан жинақтаған тәжірибемді, ғылыми жетістіктерімді пайдалана отырып, халыққа қызмет етіп жүрмін. Депутат ретіндегі менің бағдарламаммен таныссыздар, тағы да қысқаша естеріңізге сала кетсем, негізгі мақсат – жас мамандарды жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, сонымен қатар дәрігерлердің құқығын заң жүзінде қорғау мәселелерін көтеру.
– Сіздің дәрігерлік қызметіңізде есіңізде қалған ерекше оқиға болды ма?
– Әрине, болды. Кардиохирургияда науқас жүрегінің зақымданған тамырлары адамның басқа мүшелерінің тамырларымен алмастырылады, көбіне аяқ пен қол тамырлары пайдаланылады. Мысал ретінде осыдан төрт жыл бұрынғы мына бір оқиғаны айта кетейін. Жүрегіне жедел ота жасау керек болған науқас қант диабетімен ауруына байланысты екі аяғы мен бір қолына ампутация жасалған екен, сондықтан оған бір қолынан және кеудеішілік тамырларынан алып, жүрегіне қойып бердік. Ота ойдағыдай өтті, науқас жылына екі рет орталыққа келіп, тексеруден өтіп тұрады. Бұл адамның бір ерекшелігі – өзінің осындай жағдайына қарамастан жеке кәсіппен айналысады, өз отбасын асыраумен қатар, басқа да адамдарға жұмыс тауып беріп отыр. Кәсібіме байланысты есте қаларлық ерекше оқиғалардың бір – осы.
– Жүрекке ота жасайтын дәрігерлерге қандай қасиеттер тән болуы керек және бірнеше сағат ота жасау кезіндегі төзімділік мәселелеріне тоқталсаңыз.
– Жалпы хирургия, оның ішінде кардиохирургияда ота жасау – өте күрделі жұмыс. Ота жасау кезінде әртүрлі жағдайлар болуы және ол бірнеше сағатқа созылуы мүмкін, сондықтан кәсіби дағды және біліктіліктен басқа, тез шешім қабылдау, шыдамдылық сияқты қасиеттер аса қажет. Жақында ғана Мәскеудегі Бакулев атындағы жүрек қан-тамырлары хирургиясы орталығының директоры, кардиохирург Лео Антонович Бокерияның сұхбатын тыңдадым. Ол кісіден білім алып, дәрістерін тыңдағанмын, жасаған оталарына қатысқанмын. Басынан өткен ерекше оқиға туралы айтуды өтінген журналистердің сұрағына ол былайша жауап берген екен. Бір күні алты ота жасап, кешке үйіне қайтайын десе, жүрек алмастыруды бірнеше ай бойы күтіп жатқан, жағдайы ауыр бір науқасқа донорлық жүрек табылған екен, сөйтіп жұмыс орнында қалуға тура келеді. Таң атқанша жүрек алмастыру отасын жасап, науқас оянғанша ота жасау бөлмесіндегі орындықта отырып көз іліндіреді. Жасы жетпістен асқан қарт адам науқастың өмірі үшін күресіп, бір тәуліктей ұйықтамаған, міне, нағыз шыдамдылықтың, өз ісіне деген үлкен жауапкершіліктің үлгісі дегеніміз осы.
Алмат Тұрысбекұлы кездесуді қорыта келе, жастарға өз тілегін білдірді. «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында болашақ дәрігерлермен кездескеніме қуаныштымын. Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуіне адал қызмет ететін жан-жақты дамыған, мамандықтарын жоғары деңгейде игерген, елін, жерін мақтан тұтатын азаматтарды тәрбиелеуге өз үлесімді қосуға әрқашан дайынмын. Өз Отанын сүюге, туған елдің тарихын, зиялы тұлғаларды білуге шақыруды өзімнің міндетім деп санаймын. Өзімнің барлық жетістіктерімді өз елімнің егемендігімен байланыстырамын. Сіздері де ел үшін, халқы үшін аянбай еңбек ететін азаматтар болатындарыңа сенемін, ол үшін біздің елімізде барлық жағдай жасалған».