Мемлекеттік жекеменшік әріптестік негізінде Алматыда: С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ студенттеріне арналған жаңа жатақхана ашылады
БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ
Мемлекеттік жекеменшік әріптестік негізінде Алматыда: С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ студенттеріне арналған жаңа жатақхана ашылады
Күні: 24 тамыз 2024 жыл
Уақыты: 09.30
Мекен-жайы: Радостовец к. 74
Алматы, Қазақстан. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қаласындағы жатақхана тапшылығы мәселесін шешудің жаңа тәсілдерін әзірлеу қажеттігі туралы тапсырмасын орындау мақсатында Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің студенттеріне арналған жаңа жатақхананың салтанатты ашылуы өтеді. Алматы қаласында орталығында, яғни, Радостовец көшесі 74 мекенжайында орналасқан Студенттер үйі 6 қабаттан тұрады және 420 орын қарастырылған.
Университет әзірлеген концепцияға сәйкес өмір сүру жағдайлары барлық халықаралық стандарттарға сәйкес жасақталған. Яғни, 2-5 адамға арналған бөлмелер, әрбір секцияға дәретхана мен душ, әрбір студенттің жеке оқу үстелі және төсек-орыны, кабинеттегі жұмыс үстелдері мен шкафтар. Әр қабатта қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған асханалар, коворкингтер мен қосалқы бөлмелер. Сондай-ақ, ыңғайлы оқу бөлмелері болады. Бірінші қабатта кір жуатын бөлме, кітапхана, техникалық кабинет және азық-түлік дүкені бар. Ерекше қажеттіліктері бар студенттер үшін арнайы бөлмелер жабдықталған.
Айта кету керек, ҚазҰМУ басшылығы студенттердің жағдайына ыңғайлы ете отырып, жатақхананың университетке және университеттің клиникалық базаларына жақын орналасуына ерекше көңіл бөледі. Сондай-ақ жатақхана маңайында саябақтар, алаңдар, әлеуметтік нысандар, супермаркеттер, дүкендер, метро станциялары бар. Студенттер үйінен ҚазҰМУ-дың бас корпусына дейінгі қашықтық 4,5 км, қоғамдық көлікпен 10 минутта немесе жаяу 25 минутта өтуге болады. Барлық қажетті инфрақұрылым жатақхананың жанында орналасқан.
Бұл жатақхана жеке инвестордың қаражатымен салынған. Университет әкімшілігі инвестормен ғимаратты Студенттер үйі ретінде толығымен беру туралы келісім жасалды. Жатақхана құны айына 28-45 мың теңге аралығында. ҚазҰМУ-дың барлық студенттері жаңа жатақханаға көшу мүмкіндігіне ие.
«Мемлекет басшысының қолдауының арқасында бүгінде университеттер жатақханадағы орын тапшылығы мәселесін жедел шешу үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің түрлі жолдарын табуға мүмкіндік алды. Бизнес мұндай жобаларға қызығушылық танытады, ал университеттер құрылысқа тек өз есебінен қыруар қаржы жұмсамайды. Бұл – жатақханадағы орын тапшылығы мәселесін шешуге тамаша мүмкіндік. Біздің басты міндетіміз – студенттеріміздің пәтер мәселесін ойламай, тек оқуына көңіл бөлуі үшін қолайлы өмір сүру жағдайын жасау. Жаңа Студенттер үйіндегі сапа мен жайлылық стандарттары басқа жатақханаларда да сақталуы үшін ҚазҰМУ-дың Студенттер қалашығындағы жатақханаларды қайта жаңғырту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп жатырмыз», – деп атап өтті ҚазҰМУ-дың Басқарма төрағасы-ректоры Марат Шоранов.
Жаңа жатақхананың ашылу салтанаты 2024 жылы 24 тамызда сағат 9:30-да Алматы қаласы, Радостовец к-сі, 74 мекенжайында өтеді.
Ашылу салтанатына ҚР Білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Қалдыбеков Азамат және ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов қатысады.
Анықтама үшін: Қазіргі таңда ҚазҰМУ-да 3608 төсек-орынды қамтитын 9 жатақхана бар. Университет кампуста 530 орындық тағы да бір жатақхана салуды жоспарлап отыр. Жаңа жатақхана жобасы қазір мақұлдау сатысында. Жаңа студенттер үйінің құрылысын алдын ала аяқтап, 2025 жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарлануда.
Байланыс үшін: Марина Александровна +7-(777)-700-07-00; Гүлнар Ерғанатқызы +7-(777)-021-22-00