Белгілі хирург Эдиль Апсатаров дүниеден өтті
Бүгін қазақстандық медицина ғылымы мен денсаулық сақтау саласы үшін орны толмас қайғылы оқиға болды, хирург Эдиль Айдарханұлы Апсатаров 82 жасында қайтыс болды. Мұндай орны толмас қайғыға көңіл айтамыз. Осындай керемет дәрігермен бірге жұмыс жасаған, адам өміріне араша болуды білетін, адамгершілік, өмірге деген сүйіспеншілік, жанашыр және өте мейірімді дәрігердің туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамыз! Эдиль Айдарханұлы Қазақстандағы қан тамырлары хирургиясының негізін қалаушылардың бірі. Ол жүздеген қиын операция жасаған. 450 ғылыми жұмыстың, 5 монографияның авторы, көптеген халықаралық конгрестер мен конференциялардың қатысушысы.
Біздің әйгілі профессор Эдиль Апсатаровтың жұмыстары әлемдік ғылыми медициналық қоғамдастықта мойындалған. Оның жетекшілігімен 8 докторлық және 26 кандидаттық диссертация қорғалды. Ұлы адам өмірден өтті, бірақ біз оның еңбегін, оның асыл еңбегін еске сақтайтын боламыз. Эдиль Айдарханұлы қазақстандық хирургияда, отандық медицинада және медициналық білім беруде тұтас дәуір. Ол өз жақындарын өте жақсы көрді, өз мамандығын бағалады, кәсіби әріптестерін және студенттерін әрдайым қолдап, насихаттап жүрді. Эдиль Айдарханұлының енді жоқ екенін айту біз үшін де ауыр. Бұл ақ халатты жан туралы мәңгілік естелік біздің жүрегімізде сақталады. Жақындарына шын жүректен көңіл айтамыз. Жарқын бейнесі мәңгі жадымызда сақталады!
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Е. Бабақұмаров