Бүгін С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ халықаралық хирургия саласының маңызды орталығына айналды
Университетте академик Алим Акрамович Идрисовты еске алуға арналған IV Халықаралық студенттік хирургия және топографиялық анатомия олимпиадасы өтуде. Алматы қаласында ТМД елдерінің 10 жоғары медициналық оқу орындары студенттері бас қосты:
– Новосибирск мемлекеттік медицина университеті
– Ташкент мемлекеттік медицина университеті
– И.К. Ахунбаев атындағы Қырғыз мемлекеттік медицина академиясы
– Самарқанд мемлекеттік медицина университеті
– Термез филиалы (Ташкент мемлекеттік медицина университеті)
– «Астана медицина университеті» КЕАҚ
– М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті
– Қарағанды медицина университеті
– Қазақстан-Ресей медицина университеті
– С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті
Бұл олимпиада – болашақ хирургтар үшін кәсіби шеберлікті шыңдайтын ауқымды алаң. Қатысушылар клиникалық тәжірибеге барынша жақындатылған күрделі кезеңдерден өтеді. Бағдарлама 18 конкурстық тапсырманы қамтиды, олардың ішінде: Бильрот I бойынша асқазан резекциясы, аортокоронарлық шунттау, трепанация және дуропластика, өкпе бөлігін резекциялау, жіңішке ішек жарасын тігу, тамыр және сіңір тігісі, Нейверт операциясы, емізік-ареолярлық кешенді реконструкциялау, сондай-ақ шұғыл көмек, акушерия және гинекология, хирургиялық құралдарды білу, хирургиялық түйіндер байлау, «Пирогов» интерактивті үстелінде топографиялық анатомия, теориялық және шығармашылық кезеңдер бар.
Бірінші күні қатысушыларды олимпиаданың ашылуы, теориялық және шығармашылық сайыстар, практикалық хирургиялық кезеңдер, симуляциялық тапсырмалар және ғылыми конференция күтіп тұр. Екінші күні – жаңа практикалық сынақтар, тамырлық және ішек тігісі бойынша конкурстар, реконструктивті және торакалдық хирургия кезеңдері, хирургиялық түйіндерді байлау бойынша финал және салтанатты қорытындылау өтеді.
Бұл олимпиада – көрнекті хирург, клиникалық анатом, ғалым және ұстаз, медицина ғылымының дамуына зор үлес қосқан Алим Акрамович Идрисовтың құрметіне арналған.
Олимпиаданың КазҰМУ-да өтуі – ұлы тұлғаға тағзым ғана емес, сонымен қатар университеттің жаңа буын дәрігерлерін дайындаудағы мықты кәсіби ортаны қалыптастырып отырғанының айқын дәлелі.
КазҰМУ – анатомия білімі нақты әрекетке, теория клиникалық шешімге айналатын, ал студенттік олимпиада болашақ хирургия мектебіне жол ашатын мекен.














































