БӘРІ ДЕ ҰРПАҚ МҮДДЕСІ ҮШІН
Марат ШОРАНОВ, С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың ректоры:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаты ауқымы, қоғамдық резонансы, Қазақстандағы және шетелдегі жалпы реакциясы бойынша бағдарламалық құжат деп атауға болады. 2024 жылға арналған күн тәртібі біржақты және нақты белгіленді. Мемлекет басшысы кезекті рет табандылық танытып, қазақстандықтардың көкейлеріндегі сауалдарына өткір мәселелерді қамти отырып, ашық жауап берді. Мақалада ең ауқымды мәселелер қамтылған, сондықтан мен біз үшін, медицина қауымдастығының өкілдері үшін ең өзектілеріне тоқталғым келеді. Жыл басында еліміздің экономикалық, қоғамдық-саяси және гуманитарлық салалардағы негізгі күн тәртібі қалыптастырылғаны көңіл қуантады. Осылайша Президент 2024 жылы мемлекеттік жұмысты қарқынды бастап отыр, оған бәріміз де белсенді түрде қатысуымыз қажет. Біздің қоғам уақытты босқа өткізе алмайды, ауқымды ішкі және сыртқы сын-қатерлерге дереу әрекет жасау қажет.
«Ұлтымыздың жаңа өрлеуі үшін озық дегеннің барлығын бойына сіңіріп, елді кері тартатын нәрселерден арылуымыз керек. Қоғамымызда еңбек пен өнімді шығармашылық культі орнығып, білім мен шығармашылық ойлаудың күші салтанат құрып, прагматизм қағидасы мен өмірге шынайы көзқарас үстем болуы керек», – деді Мемлекет басшысы өз сұхбатында. Президент жастар мәселесіне де назар аударды. 2023 жылы Қазақ ұлттық медицина университеті студенттік бағытты дамытуды өз жұмысының басты басымдығына айналдырды. Студент – университеттің орталық тұлғасы, біз үшін ең маңызды адам. Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында кез келген шешімді бұл студенттерімізге не береді, бұл олардың университетімізде білім алған уақытын қалай жақсартады деген призма арқылы қабылдай бастадық.