Вакцинация – індеттен айықтыру жолы
Коронавирус пандемиясы уақытында вакцинациялану өте маңызды. Ал БАҚ өкілдері қазақстандықтарға вакцина туралы нақты, шынайы әрі дәлелді ақпаратты ұсынса, көп жағдай тез ретке келер еді. COVID-19-ға қарсы вакцинация қағидалары жасалды ма? Жасалса ол қандай негізге сүйенеді? Бұл тақырыптарды эпидемиолог маман қалай түсіндіреді?
Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ұйымдастырып жатқан «Медициналық журналистика» курсының екінші күнінде эпидемиолог, Х.Досмұхамедов атындағы Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің Эпидемиология кафедрасының профессоры Сәкен Әміреев «Коронавирустың адамның иммундық жүйесіне әсері және COVID–19-ға қарсы вакцинация қағидалары» атты дәрісінде осы жайттар туралы жан-жақты баяндап берді.
«Қазақстанда ата-аналардың балаларын вакцинациялаудан бас тартқанын айғақтайтын статистикалық дерек көбейе түскен сайын бұл мәселе бізде ушығып келе жатқанын байқауға болады. Әрине мәжбүрлі вакцинация мәселені шешпейді, қайта ушықтырып жібереді деп есептеймін. Бұл орайда халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілуге тиіс. Нақты өз басымнан өткерген оқиғаны әңгімелейін. Бірде Шымкентке шақырып, екпеден бас тартқан отыздан аса адаммен кездестірді. Оларға екпенің тиімділігін дәлелдеп бердім. Нәтижесінде үш адам ғана бастапқы ойынан айнымады. Қалғандары екпеге келісті», – дейді профессор Сәкен Әміреев.
-
Маман пікірінше, вакцинацияның басты қағидаты – мәжбүрлемеу. Профессор бұл індет ХХІ ғасырдағы ең қатерлі пандемияғы ұласты деген пікірде. Оған қоса екпенің індеттердің алдын алатыны туралы ақпарат халыққа толыққанды жетпей отырғанына алаңдайды.
Сәкен Әміреев: «Көптеген басқа вирустар сияқты SARS-Cov туа біткен иммундық қорғанысты кодтайтын (тежейтін) протеиндер шығарады, әсіресе IFN-1-і белсенділігін, вирусты жоюдағы белсенділігін басып тастайды. Ондай жағдай туындағанда ем-шаралар қолданудың келесі фазасына көшкен дұрыс. Ол қабыну процесін туындатады. IL-1β, IL-6, IL-33 және т.б. цитокиндердің белсенділігін тежейтін ем қолдануға дереу көшкен абзал. Бұл емдеу протоколында міндетті түрде болуға тиіс», – деп есептейді.
Эпидемиолог маман Қазақстанда салынатын вакциналардың әрқайсысын сипаттап, қандай ауруға ем екенін түсіндірді.
Дәріс барысында COVID–19 вирусына қарсы жасалған вакциналардың сипаты мен айырмашылығы да талқыланды. Профессор, сондай-ақ вакцина алған соң да қорғаныс ережелерін қатаң сақтаған дұрыс екенін айтады.
Сәкен Әміреевтің айтуынша, коронавирустан қорғану үшін мынадай іс-шараларды ескеру керек:
- • Коронвирус бойынша қолайсыз аймақтарға баруды тоқтату. Осындай аймақтардан Қазақстан Республикасына оралғандарға қатаң эпидемиологиялық қадағалау жүргізу;
- • Дене қызуы көтерілгендерді, тыныс алу, асқорыту жолдары зақымдалғандарды, клиникалық белгілері байқалғандарды ауруханаға жатқызу және осындай пациенттерді тасымалдаған, жедел көмек көрсетуге арналған қандай да автокөліктерді дезинфекциялау;
- Осы инфекцияның белгілері анықталған адамдардың барлығы бірреттік бетперде, резеңке қолғапты пайдалануын қатаң қадағалау. Бұл әрекет, әсіресе осы инфекцияның SARS-Cov түрімен науқастанғандардан қорғануда ерекше маңызды;
- Ауыр жіті респираторлық синдромдымен (АЖРС)-SARS-Cov науқастанғандарды Қазақстан Республикасы аумағына енгізбеуге бағытталған іс-шаралар ережелері бойынша қатаң қадағалау;
- Коронавирус инфекциясы пандемиясын тоқтатудың ең тиімді жолы – халықты жаппай вакцинациялау; және т.б.
Вакцинациялаудың тиімділігін дәлелдейтін жарқын оқиғалардың бірін профессор былай мысалға алды: «Кезінде адамзатқа өте көп қиындық тудырған шешек (қара шешек) инфекциясы болған. Бұл індетке қарсы әлем халқының 98,5% екпе алғаннан кейін ауру біржола жойылды (эрадикацияланды). Осы инфекцияның қоздырғыш вирусы да биологиялық түр ретінде жойылды».
Дәріс соңында профессор курсқа қатысушылардың сауалдарына жауап берді.
Айта кетейік, медициналық журналистика курсында қырықтан аса журналист офлайн режимде дәріс тыңдап әрі практикалық сабақтарда медициналық мекемелер жұмысымен танысып жатыр. Ал мамандардың дәрісін ҚазҰМУ-дың әлеуметтік желелері арқылы тікелей эфирде де тыңдауға болады.