«Вируспен күресте достығымыз шыңдала түспек». Қытай мамандары Алматы дәрігерлерімен кездесті
Алматыға еліміздің дәрігерлеріне короноавируспен күресте көмек көрсету үшін Қытайдан медициналық мамандар келген болатын. Аталмыш шара Денсаулық сақтау министрлігінің, Алматы қаласы әкімдігінің, ICAP және С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің жетекшілігментөтіп отыр. Қытайдан келген делегация құрамында пульмонология, эпидемиология және денсаулық сақтау саласының 10 білікті маман бар.
Бүгін Қытайдың дәрігерлері Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысымен онлайн форматта жиын өткізген болатын. өткізді. Видеоконференцияға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың оқытушы-профессорлар құрамы, БАҚ өкілдері қатысты.
Ұйымдастырушылар атынан алғы сөзімен ҚазҰМУ ректоры Талғат Нұрғожин қытайлық әріптестерге алғысын білдірді.
«Біз Қытайлық әріптестеріміздің келгеніне қуаныштымыз. Сіздердің тәжірибелеріңіз біздің елдегі коронавируспен күреске септігін тигізеді деп сенеміз. Сіздерден әлде де диагностика мен емдеу туралы мағлұмат білгіміз келеді», — деді Талғат Нұрғожин.
Жиын барысында қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев қаладағы эпидемиологиялық жағдайды баяндап берді.
«Қазір Алматыда коронавирустың 525 жағдайы тіркелген. 100 мың адамға шаққанда көрсеткіш 25,6% болып тұр.Байланыста болғандардың 90%-нан вирус табылды. 85 адам жазылып шыққан. Бұл ауырғандардың шамамен 16,6%-ы болып тұр. Бірінші жағдай тіркелгелі бері Алматыда жұғу деңгейі 2-58 % аралығында болып тұр. Көпшілігі 13,14 сәуір күндері анықталған. Ауру көрсеткіші толқынды түрде көрініс беріп келеді. Алматыда 6 зертханада ПЦР тәсілімен диагностика жасалып жатыр. Олар күніне 1500 зертханалық талдау жасай алады. Қалада инфекциялық стационарларда 800 төсек орын бар. Қазір олардың 54 %-ы ғана толған. 5 адам қайтыс болса, 85 адам жазылып шықты. Оның 4-і бала», — деді Тілеухан Әбілдаев.
Қытайдан келген мамандар Алматы дәрігерлерінің коронавируспен күрес деңгейін өте жоғары бағап отыр. Сондай-ақ, олар диагностика мен емдеу саласының қай облыстарында жұмысты күшейтуге өз кеңетерін беріп өтті.
«Алдымен байланыста болған адамдарды нақты анықтау қажет. Диагностикалық мүмкіндікті барынша күшейту керек. Алматыда жұқтырған адамдардың тең жартысы медицина мамандары екен. Оларды қорғаныс шараларына үйрету қажет болады», — деп қытайлық мамандар атап өткен болатын.
«Әріптестерімнің пікірімен келісем. Бас санитарлық дәрігердің тапсырмасымен қаладағы барлық медициналық мекемелер провизорлық режімге көшкен болатын. Барлық медицина мамандары жеке қорғаныс құралдарымен қамтылатын болады. Сонымен қатар, ҚР Қорғаныс министрлігінің госпитальдерін қосқанда төсек орынды 1000-ға жеткізе аламыз. Сонымен қатар, 280 орынға арналған модульді госпиталь салынып жатыр. Зертханаларда талдау мүмкіндігін күніне 3000 тестке жеткізе алады», — деді басқарма басшысы Т.Әбілдаев.
Қытайлық мамандар видеоконференция соңында қазақстандықтарға вирусты жеңіп шығуға тілектерін білдірді.
«Вирус шекараны білмейді. Бұл вируспен күресте біздің достығымыз айқындала түспек», — деп сөз түйді қытайлық мамандар.