Даланың дара ұстазы
Дипломнан кейін білім беру факультетінің білім алушылары деканат қызметкерлерінің және Резиденттер кеңесінің қолдауымен қазақтан шыққан тұңғыш педагог-ағартушы, демократ, ақын, аудармашы, фольклоршы, жазушы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл толуына орай онлайн форматта дөңгелек үстел өткізді. Кеш қонағы ҚазҰМУ-дің Тілдік пәндер каферасының доценті, ф.ғ.к. Т.Қ.Зайсанбаев қазақ ғылыми педагогикасының негізін қалаған ұлы тұлғаның өмірбаянына қысқаша тоқталып өтті.
«Орынбордағы орыс-қазақ мектебін 1957-жылы үздік бітірген Ы.Алтынсарин 1957-1959 жылдары тілмаштық қызмет атқарады. Патшалық Ресей езгісінде туған халқының мүшкіл халін жеңілдеудің бірден бір жолы білім екенін түсінген Ыбырай өзінің білгенін қазақ балаларына үйретуді жөн санайды. Мансап қуып, дүние жиюға тырысқан адам үшін ол кезде аудармашылық үлкен табыс көзі еді, бірақ халқының қамын бірінші орынға қойған Ы.Алтынсарин бұл жолдан бас тартады. Ол кезде орыс тілін білуді пайда табудың көзі етіп алғандар аз болмаған. Қазақ жастарының осындай кемшіліктерін Ұлы Абай «Интернатта оқып жүр» атты өлеңінде:
«Орыс тілі, жазуы,
Білсем деген таласы.
Прошение жазуға,
Тырысар келсе шамасы.
Ынсасызға не керек,
Істің ақ пен қарасы»,- деп сынаған болатын.
Доцент Т.Қ.Зайсанбаев Ы.Алтынсарин мен Абайдың ғылым-білімнің пайдасы туралы айтқандарын да тоқтала кетті. Ы.Алтынсарин:
«Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып-жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды»,- деп ғылымның жетістігін сөз етсе, Абай:
«Дүние де өзі, малда өзі,
Ғылымға көңіл бөлсеңіз»,- дейді. Яғни, ғылым адам өмірін жеңілдетіп қана қоймай, ол тіпті табыс көзі болатынын да айтып кеткен. Қазір ғылымның жетістігі арқасында көл-көсір пайда тауып отырған елдер аз емес. Біз солардың дайын өнімдерін тұтынудан аспай келе жатқанымыз көңілді қынжылтады».
Доцент Т.Қ.Зайсанбаев Ы.Алтынсариннің аудармашылық қырын да сөз етіп, оның қазақ поэзиясында бұрын болмаған табиғат лирикасын қалыптастырушы екеніне де тоқтала кетті. Сонымен қатар ол Ы.Алтынсариннің қазақ тілін татар тілінің ықпалынан қорғап, таза сақтау үшін кирилл әліпбиі негізінде жасаған әліпбиінің ерекшелігіне тоқталып, Қостанай өңірінен шыққан тағы бір ұлы тұлға – қазақ жазуының реформаторы А.Байтұрсынұлының әліпбиі туралы да өз ойын ортаға салды. Ол бұл екі тұлғаның да әліпбилері қазақ тілінің төл табиғатын сақтау мақсатында жасалғанын ашып көрсетті.
Дөңгелек үстел соңында доцент Т.Қ.Зайсанбаев резиденттердің сұрақтарына жауап берді. Білім алушыларға сәттілік тілеп, ұйымдастырушыларға алғысын айтты.